Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин дауыс берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин кезектен тыс Президенттік сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Не жөнінде сұрағыларыңыз келеді? Головкиннің айқасы ма?», - деп қалжыңдады ол журналистерге.
Оның айтуынша, бүгін барлық қазақстандықтар өз конституциялық міндетін орындауы тиіс.
«Мен таңдау жасарда үнемі сенімді боламын. Бүгін де үлкен сенімділікпен дауыс бердім», - деді Мәжіліс төрағасы.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық кітапханасында орналасқан №111 сайлау учаскесінде 4 661 тұрғын тіркелген. Одан бөлек, учаскеде партиядан - 2 байқаушы, Қоғамдық ұйымдардан - 5 байқаушы, сенімді өкілдер - 3, БАҚ - 13 журналист бар. Халықаралық байқаушылар ретінде БҰҰ (3) және ЕҚЫҰ (5) өкілдері келді.
Аталған учаскеде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенттігіне үміткер Амангелді Таспихов дауыс берді.
ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.