14:50, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәжіліс Төрағасы О. Мұхамеджанов АҚШ Елшісі Р. Хоугландты қабылдады
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, қаңтардың 16-сында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қазақстандағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Ричард Хоугландты қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүздесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсу жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы О. Мұхамеджанов, АҚШ мемлекетімен стратегиялық әріптестік Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. Осыған орай, Төраға парламентаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы екі мемлекет арасындағы барлық салалар бойынша өзара байланыстың нығая түсуін және кеңеюін жандандыруға болатынын айтты.
Өз кезегінде елші АҚШ мемлекеті Қазақстанның Орталық Азия бойынша ықпалдастық жігерін қолдайтынын жеткізді. «АҚШ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру талпынысына да жан-жақты қолдау білдіреді. Сондай-ақ, АҚШ тарапы Қазақстанмен қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын жалғастыра беруге ниетті. Бұған дәлел ретінде жақында ғана АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы Дэвид Петреустің Қазақстанға жасаған сапарын келтіруге болады», деді Р. Хоугланд.
Әңгіме барысында сондай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіру ниеті бойынша заңнамаларын жетілдіру мәселелері, заң талаптарын осы ұйымның стандарттарына сәйкестендіру шаралары да талқыланды.