Мәжіліс төрағасы Түркия елшісін қабылдады

АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Атилла Гүнайды қабылдады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жүздесу барысында тараптар Түркия мен Қазақстан арасындағы бүгінгі қатынастардың жайын сөз етті. Онда Түркия елшісін жаңа қызметімен құттықтаған Орал Мұхамеджанов екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ әскери-техникалық қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті. «Біз Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып танығандығын әрдайым есте ұстаймыз. Сонымен қатар, Түркия мен Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдардың аясында бір-бірін қолдап келеді. Бұған қоса, біз Түркияның Біріккен Ұлттар Ұйымының 2009-2010 жылдардағы қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болып сайланғанын зор қуанышпен қарсы алдық. Қазақстандықтар Түркияның Еуроодаққа кіру жолындағы бастамаларын да әрдайым қолдайды», деді Мәжіліс төрағасы. Өз кезегінде елші түркиялық делегацияның Қазақстанға сапарлары барысында жергілікті халықтың оларды ылғи да ыстық ықыласпен қарсы алатындығын айтып, «Қазақстан-түрік қатынастары жақсы дамыған және ол алдағы уақытта да жетіле беруі керек деген ойдамын. Өйткені біз бір-бірімізбен көптеген салалар бойынша тығыз байланыстамыз және екі ел арасында проблема тудырып отырған мәселе жоқ. Қазақстан Еуразияның кез-келген аймағындағы жағдайға ықпал ете алады. Түркия да осындай жағдайда. Сондықтан біз осы уақытқа дейінгі ынтымақтастық мақсаттарымызды әрі қарай да белсенді жалғастыруымыз керек», деп атап көрсетті.
Соңғы жаңалықтар