Мәжіліс ҰҚШҰ аясында құқықтық көмек көрсетуге қатысты құжатты қабылдады
Келісімге 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық кеңес отырысында қол қойылды.
«Келісімде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері құрамына кіретін адамдарға қатысты қылмыстық әрі әкімшілік іс бойынша мемлекеттердің құзыретті органдарының ынтымақтастығы тетігі айқындалған. Құзыретті органға әскери басқару органы, әскери бөлім командирі, сот, прокуратура, алдын ала тергеу, ішкі істер, қауіпсіздік органы мен арнайы қызмет жатады», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Оның айтуынша, құжатта аталған жүйе күштері құрамына кіретін адамдарға қатысты тараптар юрисдикциясы айқындалған. Сонымен қатар, жіберуші елдің адамы келген өзге аумақта қылмыс жасаған кезде, оны тергеу тәртібі бекітілген. Бұл ретте процесс барысындағы шығынды әр тарап өзі көтереді.
«Процесс кезінде тараптардың егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігі ескеріледі. Сонымен қатар, Келісімде осы құқықтық көмек мемлекеттің егемендігіне немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, ұлттық заңнамасына қайшы келсе, одан бас тартылады деп бекітілген. Келісімді ратификациялау Қазақстан мүддесіне және Ұйым аясындағы халықаралық міндеттемеге сәйкес келеді», - деді министрдің орынбасары.