Мәжіліс және мәслихат сайлауы: ОСК кімдерді тіркеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 наурыз күні Қазақстанда кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтеді. Орталық сайлау комиссиясы елде ресми тіркелген жеті партияны да сайлауға жіберіп отыр. Осы аптада әлгі партиялардың бәрінің кандидаттарын ОСК тіркегенін мәлім етті. Сондай-ақ халықаралық байқаушылардың қатары толыға түсті. ҚазАқпарат өтіп бара жатқан аптада сайлау төңірегінде болған басты оқиғаларға шолу ұсынады.
None

Апта ішінде алты партия кандидаттар тізімін жаңартты

Әуелі ОСК Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидаттарының партиялық тізімін тіркеді.

ОСК мүшесі Анастасия Щегорцованың мәліметіне сүйенсек, ЖСДП 19 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынған. Бұл тізімде 6 кандидат бар: әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олар кандидаттардың жалпы санының 31,6 пайызын құрайды.

Бұл тізім 2 қараша күні жарияланған болатын.

Ал «Ақ жол» партиясының тізімі ЖСДП ұсынған тізімге қарағанда ауқымдырақ болды. ОСК «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық патиясы ұсынған 54 адамнан тұратын партиялық тізімді тіркеді. Бұл тізімге 33,3 пайыз көлемінде әйел, жастар санатына жататын және мүгедектігі бар 18 адам енгізілген.

Партия өкілдері сайлауға ұсынылған тізімінің 60 пайызы жаңа есімдер екенін айтып жүр. Ұсынылған 54 адамның 20-сын партиялық тізімге өңірлердегі филиалдар шығарса, 11 адам бұған дейін Мәжілісте тәжірибе жинақтап үлгерген тұлғалар. Бұл партия атынан сынға түсетін кандидаттардың жалпы тізімін мынандай.

«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы бұл сайлауға 25 адамнан тұратын тізім ұсынған болатын. Орталық сайлау комиссиясы бұл тізімді де тіркеді.

25 адамнан тұратын партиялық тізімдегі 10 кандидат «әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар» санатына жатады. Бұл кандидаттардың жалпы санының 41 пайызы деген сөз.

2021 жылдың қаңтарында болған Мәжіліс сайлауында «Ауыл партиясы» халықтың 5,29% дауысын жинағанын ескеріп, ОСК оларды сайлау жарнасын төлеуден босатты.

Дәл осындай себеппен «Amanat» партиясы да сайлау жарнасын төлеуден босатылды. Өйткені осыған дейінгі сайлауда халықтың 71,09 пайыз дауысын жинағаны тіркелген болатын.

ОСК бұл партияның ұсынған кандидаттарын да тіркеді. Мұндағы 90 адам партиялық тізімге енген. Оның ішінде 29 кандидат «әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар» санатына жатады. Бұл кандидаттардың жалпы санының 32,2 пайызы деген сөз.

Жалпы «Amanat» атынан партиялық тізіммен 90 адам, 29 адам бірмандаттық жүйе бойынша бақ сынамақ.

ОСК «Байтақ» жасылдар партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидаттарының партиялық тізімін де тіркеді. Ол тізім 18 адамнан тұрады. Тізімдегі 7 кандидат – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл кандидаттардың жалпы санының 38,9 пайызына тең.

«Respublica» партиясы алдағы сайлауға 25 адаммен қатыспақшы. ОСК олардың партиялық тізім бойынша ұсынған 23 канидатын тіркеді. Тіркеу барысында ОСК Respublica партиясы сайлауға ұсынған тізімнен 2 адамды алып тастады.

Нақтырақ айтсақ, Дархан Серікұлы Иманашевтің 10 ақпандағы және Олжас Абазұлы Сұлтановтың 11 ақпандағы өтініші ҚР Орталық сайлау комиссиясына 14 ақпанда келіп түскен. ОСК-ның шешіміне осы өтініштер негіз болған.

Кандидаттарды тіркеу шарасынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген партия басшылығы ұсынылған тізімнің қалайша жылдам қысқарғанын түсіндірді.

Оның алдында ғана Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау Мəжіліс сайлауынан ресми түрде шеттетіліп, әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырған еді.

Respublica партиясының 6 ақпанда бекіткен кандидаттар тізімі мынандай болатын. Ал ОСК тіркеген партиялық тізімдегі 23 адамның 8 кандидаты – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл бүкіл канидаттардың 34,8 пайызына тең.

Осылайша Мәжіліс сайлауына ресми тіркеле алған саяси партиялардан 283 кандидат партиялық тізім бойынша, 609 кандидат мажоритарлық жүйе бойынша ұсынылды. Ал бүкіл деңгейдегі мәслихаттар сайлауына 1 471 адам партиялық тізіммен, 11 844 кандидат мажоритарлық жүйе бойынша қатыспақшы.

Шетелдік байқаушылардың қарасы көбейіп келеді

Орталық сайлау комиссиясы алдағы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауын қадағалауға ниет білдірген халықаралық байқаушыларды аккредиттеуді жасғастырып жатыр.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман 15 ақпандағы комиссия отырысында халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 6 шет мемлекеттен, 3 халықаралық ұйымнан 72 байқаушы ресми тіркеуден өткенін мәлім етті.

Олардың ішінде Корея Республикасы, Қырғыз Республикасынан 1 байқаушыдан, ТМД-ның байқаушылар миссиясынан 7, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 2 байқаушы бар. Осы аптада бұл қатарға Армения Республикасынан 2 және Грузиядан 2 байқаушы, Франция Республикасынан 3 кандидатура тіркелді.

Бұған дейін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстандағы парламенттік сайлауды қадағалау жөніндегі миссиясының басшысы Оуэн Мерфи 332 байқаушы Қазақстандағы сайлауды бақылайтынын айтқан. Оның ішінде 32 байқаушы ұзақ мерзімді байқау жүргізсе, 300 өкіл қысқа мерзімді байқау жасайды.

Сондай-ақ, Британ Парламенті Ұлыбритания қауымдар Палатасының депутаты Даниэль Кавчинскийді ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлауына бақылаушы етіп жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

«Біз бейбітшілік мәселесінде ұстанымы біздікіне ұқсас, демократия мен бостандықты ілгерілетуді қалайтын Қазақстан сияқты елдермен байланысты нығайтқымыз келеді. Мен үшін Астанаға алдағы сайлауды бақылаушы ретінде шақырту алу үлкен мәртебе әрі дәреже. Сайлау учаскелеріндегі нақты жағдайды көріп, дауыс беруге келген қазақстандықтармен тілдескім келеді», - деді Даниэль Кавчинский ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Түйіндесек, осы аптаның аяғындағы жағдай бойынша, халықаралық байқау институты ашылғаннан бері алты шет мемлекеттен және үш халықаралық ұйымнан 72 бақылаушы ОСК тіркеуінен өтті.


Соңғы жаңалықтар