Мәжілісмен О. Асанғазы мойынқұмдық сайлаушылардың талап-тілектерін тыңдады

Сайлаушылардың талап-тілектерін тыңдады.
Депутат Мойынқұм ауданының активімен, аудандық мәслихаттың депутаттарымен, орталық аурухана қызметкерлерімен кездесті.
Жиында Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы жан-жақты талқыға салынды. Сонымен қатар парламентші «Нұр Отан» партиясының қызметі жөнінде әңгімелеп берді. Кездесуде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірлерді дамыту мәселесі сөз болды.
Халықтың айрықша құрметіне бөленген жандардың есімін мәңгі есте сақтау - елдіктің белгісі. Депутат Оразкүл Асанғазықызы осы сапарында Мойынқұмдағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы мұражайда болып, құнды жәдігерлерді қазынаны сақтап, ұрпаққа жеткізіп отырған киелі шаңырақтың жұмысымен танысты. Айта кету керек, Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Еңбек Ері атанған әйгілі шопан, еселі еңбегімен Кеңес Одағына танылған. Қой өсірудің білгірі, ұлттық негізде мал шаруашылығын дамытудың көшбасшысы болды. Ол туралы жазылған есетеліктер де, кітаптар да көп. Елге сіңірген елеулі еңбегімен ер атанған адамның мұрасын көздің қарашығындай сақтап, халыққа таныстыруда, өскелең ұрпақтың бойына еңбексүйгіштік, патриоттық сезімді ұялатуда бұл мұражайдың рөлі зор. Мәжіліс депутаты мұражай қызметкерлерімен болған әңгімеде осындай ойларымен бөлісті.