Мәжілісте 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген өзгерістер таныстырылды

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
None
None

Жоба бойынша баяндаған ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, 2010 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 3 трлн. 517,8 млрд. теңге көлемінде айқындалып отыр. Бұл қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда 139,4 млрд. теңгеге немесе 4,1 пайызға артық. «Республикалық бюджеттің кірістері трансфертердің түсімін есепке алмағанда, 1 трлн. 973 млрд. теңгені құрайды. Бұл түсімнің бұрынғы болжағаннан 135,5 млрд. теңгеге артқанын көрсетеді. Бұның ішінде мұнайға экспорттық кедендік баж салығынан, нөлдік ставка бойынша қосылған құн салығын қайтару сомасын азайту есебінен, сондай-ақ басқа да түсімдер есебінен түсімдер артып отыр. Бұдан бөлек, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған деректер негізінде бюджеттік қаражатты күтілетін жете игермейді егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде республикалық бюджеттің шығыстарын жалпы сомасы 130,1 млрд. теңгеге қысқарту көзделеді», - деді Қаржы министр.

Оның айтуына қарағанда, 269,5 млрд. теңге сомасында қосымша түсімдер мен босатылатын қаражатты бірқатар басым бағыттарға бөлу қарастырылуда. Атап айтқанда, бюджет жобасына сәйкес, 2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру және өткізу іс-шараларын аяқтауға, Астана қаласының инвестициялық жобаларын іске асыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, үлескерлердің проблемаларын шешуге, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бюджет қаражаты қарастырылатын болады.

«Жалпы, республикалық бюджеттің нақтыланған өлшемдері бойынша түсімдер - 3 трлн. 517,8 млрд. теңге, шығыстар - 4 трлн. 321,4 млрд. теңге, тапшылық - 803,6 млрд. теңгені құрайды деп болжануда», деді Қаржы министрі.

Соңғы жаңалықтар