16:45, 31 Мамыр 2023 | GMT +5
Мәжілісте «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасы 6 тарау мен 22 баптан тұрады. Бұған дейін «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының ықтимал құрбаны», «осал жағдай, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері» және өзге де ұғымдар заңнама деңгейінде бекітілмеген еді», - деді министрдің орынбасары.
Заң жобасында адам саудасына тап болған адамның азаматтығына қарамастан қорғауға алынып, іс аяқталғанша бүкіл құқығын сақтауға кепілдік берілетіні нақтыланған.
Сондай-ақ, адам саудасының алдын алу үшін ықтимал құрбандармен жұмысты күшейтуге бағытталған шаралар көзделген.