Мәжілісте Арқалық қаласын жылумен жабдықтау жүйесіндегі проблема көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жылумен жабдықтау саласындағы аудиторлық іс-шараның қорытындысын талқылау кезінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова Арқалықтағы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте Арқалық қаласын жылумен жабдықтау жүйесіндегі проблема көтерілді

«Қостанай облысының Арқалық қаласында тапсырыс беруші Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі толық дайын болмаса да, жалпы сомасы 7,4 млрд теңге болатын екі жобаны қабылдаған. Оның бірі «Арқалық қаласын 2030 жылға дейін жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау» жобасы болса, екіншісі - қуаты 2,5 МВт №2 станцияның турбоагрегатын ауыстыру бөлігінде Арқалық ЖЭО-сын реконструкциялау. Нәтижесінде Арқалық жылу электр орталығына қатысты жұмыстар тек қағаз жүзінде іске асырылған», - деді Н. Годунова.

Палата басшысы елімізде бұл саладағы жүйелі проблемалар бойынша Үкіметке ұсынымдар әзірленді. 22 материал құқық қорғау органдарына берілуі тиіс, қазіргі кезде 16 материал тапсырылды. Ал 361 материал әкімшілік шаралар қабылдау үшін жолданды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жоғары аудиторлық палата жылу энергетика саласында инвестициялық жобалар сапасыз іске асырылып жатқанын анықтады.

Астанадағы ЖЭО-3 құрылысына қатысты аудит кезінде әкімдік деректері сәйкес келмейтіні белгілі болды.

Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата жылумен жабдықтау саласында қаражатты тиімсіз игеру деректерін анықтады.

Жылу беру саласындағы мемлекеттік реттеу бірнеше мемлекеттік органға жүктелгендіктен, жылу энергетикасын дамытуда жүйелі тәсіл жоқ.