Мәжілісте биологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланып жатыр

«Жетінші сайланған Мәжілістің екінші сессияға арналған өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын талқылау бойынша «дөңгелек үстел» отырысын өткізіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясының ашылуында біздің алдымызға Елдің биологиялық қауіпсіздігін болжаудың ұлттық жүйесін құру міндетін қойды. Ол «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасында көзделген. Бүгін дөңгелек үстелде талқыланып отырған заң жобасы Қазақстанда алғаш рет елдегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықты, жануарларды, өсімдіктерді және қоршаған ортаның басқа да объектілерін биологиялық факторлардың әсерінен қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік реттеу жүйесін құру бойынша заңнамалық база қалыптастырудың негізі болып отыр. Бұл біздің еліміз үшін аса маңызды, өйткені Қазақстанда, өкінішке қарай, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының, обаның, кене энцефалитінің және басқа да аса қауіпті инфекциялардың тарихи қалыптасқан әрі белсенді табиғи ошақтары бар», - деп тоқталды Дархан Мыңбай.
Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізге онша танымал емес инфекциялар мен вирустардың ену қаупі алдын ала жедел әрекет ету шараларын қабылдауды қажет етіп отырған кезде, ол елдің биоқауіпсіздігін болжаудың біртұтас моделін құрмай, оны іске асыру мүмкін емес.
«Бұл үшін заң жобасы аясында биологиялық қауіпсіздік саласында мемлекеттік ақпараттық жүйе құру көзделуде, ол биологиялық тәуекелдерді уақтылы басқаруға, биоқауіпсіздік саласында бір орталықтан есепке алу мен мониторинг жүргізуге, сондай-ақ патогенді биоагенттердің көшуін қадағалауға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан аумағындағы және шектес елдердегі аса қауіпті инфекцияларға қарсы күрес мәселелерімен көпжылдық даму тарихы бар ғылыми-зерттеу институттары, ұлттық орталықтар айналысады. Біздің дөңгелек үстелімізге бірнеше ірі ұйымдардың басшылары қатысып отыр, олар бізбен осы саладағы ең бай тәжірибесімен бөлісіп, проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылайтын болады. Дөңгелек үстел отырысында Биоқауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесі аясында мониторингті жүзеге асыру, түрлі биологиялық қатерлер мен ден қою шараларының алдын алу, кадрларды даярлау әрі қайта даярлау мәселелерін және биологиялық қауіпсіздік саласындағы басқа да өзекті мәселелерді талқылау ұсынылады», - деді депутат.
Отырысқа Мәжіліс комитетінің депутаттары, жұмыс тобының мүшелері, Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев қатысып отыр. Сондай-ақ бейнеконференцбайланыс құралдары арқылы биологиялық, медициналық технологиялар, биологиялық қауіпсіздік, экология, ғылыми зерттеулер саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұлттық орталықтар мен институттардың басшылары, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, Еуразиялық медициналық қауымдастықтың, Қазақстан дезинфекциялаушылар одағының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және басқа да сарапшылар қатысуда.