Мәжілісте экологиялық мәселелер бойынша заң жобасы таныстырылды
Аталған заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында төменкөміртекті жасыл экологияны құру, қоршаған ортаға эммисияны төмендетуге бағытталған инвестицияларды тарту, экологиялық проблемаларды шешу, табиғат пайдаланушылардың жауапкершіліктерін күшейту көзделгенін атап өтті.
«Әзірленген заң жобасы келесі міндеттерді шешуге бағытталған. Бірінші, экологиялық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту. Екінші, нарықтық тетіктерді енгізу арқылы парникті газдар шығарындыларын төмендету. Үшінші, қалдықтардың жинақталу көлемін азайту», - деді министр.
Оның атап өтуінше, аталған мақсаттар үшін заң жобасы қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы, экологиялық, салық, бюджет кодекстеріне, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы және басқа заңдарға түзетулер енгізіледі.