Мәжілісте Мемлекеттік шекара туралы жаңа заң жобасы талқыланды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы Тұрғанбек Стамбековтің айтуынша, Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету мәселелерін жетілдіру Шекара қызметін одан әрі дамыту құқықтық реттеуді талап етеді. «Жаңа заң жобасында біз шекараны қорғау мен күзетуді, оған қолсұғылмаушылықты қамтамасыз ететін басты орган - Шекара қызметінің құзыретін нақтыладық. Шекараны қорғаудағы өзара ұйымдастыру мәселелері кеңейтіліп, бұның өзі шекаралық кеңістікті қорғауға қатысты көптеген өкілетті органдар арасындағы әкімшілік кедергілерді жоюға алып келді. Сонымен қатар, заң жобасында ҚР Үкіметінің жанында мемлекеттік шекара қызметінің комиссиясы құрылатыны көзделеді», - дейді Т. Стамбеков.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында ағымдағы жылы «Арқанкерген» шекара заставасы мен «Терісайрықта» орын алған оқиғаларды болдырмаудың, алдын алудың шаралары қамтылған. Бұл ретте шекара қызметіне әскерге қабылданушыларға ерекше талаптар қойылатын болады.