Мәжілістегі кездесу: Қазақстан - Жапония: екі елге де тиімді жобалар бар

АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған депутаттар «Тоyота  Тshusho Соrporation» басқармасының төрағасы Джунзо Шимизу мырзамен кездесті.
None
None

Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдағы уақытта Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасын дамыту - осы кездесудің негізі тақырыбы. Сонымен қатар парламентаралық байланыс мәселелері сөз болды. Бұған екі ел делегацияларының іссапары үлкен рөл атқарып отыр. Айталық, Мәжілістің төртінші шақырылымында қазақстандық парламентшілер Жапонияға барған болатын. Сол сапарда Нагоя қаласындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды, оған Джунзо Шимизу жетекшілік етеді.

- Сондықтан депутаттар экономиканың әр түрлі салалары бойынша екі елге де тиімді жобаларға қатысты ұсыныстары мен тілектерін Қазақстанның Құрметті консулы ретінде Сізге жолдайды,- деді мейманға Мәжіліс төрағасының орынбасары. Бүгінгі кездесу осы жағынан алғанда өте мазмұнды болды.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өзара тиімді жобаларды қарастыруға болатыны айтылды. Мәселен, теңіз суын тазарту, сусорғыштарды шығару, дәрі-дәрмек өндірісі, сондай-ақ  Қазақстанда өсетін мия өсімдігінен дәрілік өнім өндіру мәселелері сөз болды.

Тараптар осы аталған және басқа жобаларды жүзеге асыруға парламенттік дипломатияның ықпалы болатынын айтты.

Айта кету керек, кездесуге Қазақстан тарабынан - Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев және осы комитеттің мүшесі Еркін Шпанов, Қазақ-жапон іскерлік және гуманитарлық ынтымақтастық ассоциациясының төрағасы Жекен Қалиұлы, сондай-ақ Жапония тарабынан - «Тоyота Тshusho Соrporation» менеджері Тадахико Онака, «Тоyота Тshusho Соrporation» өкілдігінің жетекшісі Такуя Ичихаши қатысты.

Соңғы жаңалықтар