Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы Жолдау жүктеген міндеттерді талқыға салды
Жиынға Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракция жетекшісі Орал Мұхамеджанов жетекшілік етті. Басқосу барысында депутаттар ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты ағымдағы жылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді, «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын талқылады. Бұл ретте Мәжіліс Төрағасы О. Мұхамеджанов депутаттар алдында қаңтардағы жолдауға қатысты парламенттік фракцияның атқаратын міндеттеріне де тоқталып өтті. Парламенттің Жолдауды жүзеге асыру шеңберіндегі негізгі басымдықтары, міндеттерді заңнамалық қамту жайында да әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, партияның 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы жөнінде фракция төрағасының орынбасары Владимир Нехорошев баяндама жасады.
Басқосуда депутаттар тарапынан жасалған ұсыныстар мен ескертпелерді негізге ала келе, фракция іс-шараларды жүзеге асыруға белсенді қатысу туралы шешім қабылдады. Жиынға «Нұр Отан» ХДП хатшысы - партия орталық аппаратының басшысы Сергей Громов, Президент Әкімшілігінің және Премьер-министр кеңсесінің өкілдері қатысты.