Мәжілістің бір топ депутаты Петропавл қаласының атауын «Қызылжар» деп өзгерту туралы мәселе көтерді
Онда халық қалаулылары Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту туралы мәселе көтерді.
«Тәуелсіздік алғалы бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатыр. Алайда, шешімін таппаған мәселелер аз емес. Мысалы, Петропавл қаласына ежелгі «Қызылжар» атауын қайтару туралы мәселе көтерілгелі біршама уақыт өтті. Елбасы Н. Назарбаев БАҚ-қа берген сұхбатында: «Еліміздің зиялы қауымы біраздан бері Петропавл, Павлодар секілді қалалардың атауларын өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қалалар, басқа да жер аттары өзгеріп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс шығар. Жергілікті әкімшіліктер мен мәслихат депутаттарымен ойласып көру керек, елмен бірігіп, ақылдасып шешетін мәселе», - деп, бәрімізді ақыл қосуға, ізденіске шақырған болатын. Содан бері ел тарихын қастерлейтін жандардың еңбегінің арқасында біраз жайлар анықталды. Петропавлдың түпкі атауы «Қызылжар» екеніне анық көз жеткізілді», деді депутаттар атынан сауалды оқып берген Жарасбай Сүлейменов.
Оның айтуынша, 1163-1763 жылдары аралығында өмір сүрген «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жыраудың «Қызылжар» атты өлеңі табылған. Онда ақын сол өңірде әкесі Толыбай сыншының «Қызылжар» атты қыстауы болғанын айтады. Тағы бір дерек - Абылай хан өзінің 1759 жылғы қазанның 22-сінде әскер шебінің командирі полковник Родинге жазған хатында қазақтардың сауда-саттыққа араласуына жағдай жасау жөнінде өтініш білдірген. Ресей Абылай ханның осы тілегін қанағаттандырып, 1759 жылдың желтоқсанында далалықтармен сауда-саттық жәрмеңкесін ашу жөнінде жарлық шығарады. Ел ішінде бұл «Қызылжар жәрмеңкесі» деп аталады. Ал 1925 жылы коммунистік партия органы «Правда» газетінде Петропавлдың Қызылжар болып өзгергені туралы хабар жариялаған. Өйткені, осы жылғы шелдінің 18-інде Ақмола губерниялық атқару комитетінің (ол кезде Қызылжар губерния орталығы болған) төралқасы Петропавлды ресми түрде «Қызылжар» деп атау туралы қаулы қабылдайды. Бұны Қазақ Республикасы орталық атқару комитеті бекітеді. Бұндай құжаттар Ресей мұрағатынан табылған.
«Ұлы ғалым Ш. Уәлихановтың, атақты жазушы І. Есенберлиннің еңбектерінде де осындай нақты деректер аз емес. Міне, осылардың барлығы қаланың ежелгі атауы «Қызылжар» болғанын бұлтартпай дәлелдейді. Демек, қалаға өз атауын қайтару тарихи әділдік. Жергілікті жерде оған қарсылық білдіріп жатқан ешкім жоқ. Тағы бір уәж - еліміз Ата заңымызда жазылғандай зайырлы мемлекет. Олай болса, Қазақстандағы стратегиялық маңызы зор үлкен аймақтың әкімшілік орталығының дін әулиелерінің атауымен айтылуы қисынға сыймайды. Сайып келгенде бұл мемлекет құраушы ұлттың намысына тиетін, рухын жасытатын, халқымыздың бодандықта болған сорлы кезеңін елестететін жағымсыз құбылыс. Сондықтан да, сырттан таңылған, ел мен жер тарихына ешбір қатысы жоқ атауларды өзгертуге ұлттық мүдде деп қарап, заман талабына сай дер уақытында шешкен абзал», деді депутат.
Премьер-Министрден осы мәселеге қозғау салып, бұны Елбасы Н. Назарбаевтың қарауына енгізуді сұраған сауалға Мәжілістің 20-дан астам депутаты қол қойған.