Мәжіліс ақпаратқа қол жеткізу саласында Сенат енгізген түзетулермен келісті
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына Сенат енгізген түзетулермен келісті.
- Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заңның жекелеген баптарына ҚР Парламенті Сенаты жаңа редакцияда ұсынған толықтыруларды қарап шығып, мыналарды атап өтеді. Сенат депутаттары ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде тексеруші мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ жоспардан тыс тексеру тағайындау кезінде жаңа негіз - қылмыстық қудалау органдарының тапсырмасын белгілеуді ұсынды. Ұсынылған толықтырулар Парламент Мәжілісі қабылдаған Заңның тұжырымдамасын өзгертпейді және оның мазмұнын нашарлатпайды. Осыған байланысты Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Сенат жаңа редакцияда енгізген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жекелеген баптарына толықтырулармен келісуді ұсынады, - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Жалпы отырыс кезінде палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.
Еске салсақ, биыл 5 желтоқсанда Сенат аталған заңды екі оқылымда қарады. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарған еді.