Мәжіліс ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл нормаларын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарайды. Сондай-ақ бірқатар жаңа халықаралық құжатты жұмысқа алады.

Мәжіліс ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл нормаларын қарайды
Коллаж: Kazinform/ Freepik

Айта кетерлігі, 23 мамырда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, онда бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған болатын.

Сонымен депутаттардың талқылауына бірінші оқылымда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарау енгізіледі. Құжат ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға, атап айтқанда Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) ұсынымдарына сәйкестендіру мақсатымен әзірленген.

Заң жобасы аясында қаржылық мониторинг субъектілерінің тізімін кеңейту ұсынылады. Олардың қатарына ұялы байланыс операторларын және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын қосу көзделіп отыр.

Сондай-ақ қаржылық мониторинг субъектілерінің уәкілетті органға күмәнді қызмет жөнінде хабарлама жіберу міндетін енгізу ұсынылады. Бұдан бөлек, қолма-қол түрде мәдени құндылықтарды сатып алу немесе сату, оларды әкелу немесе әкету, сондай-ақ цифрлық активтермен жасалатын операциялар бойынша 5 миллион теңгеге тең немесе одан асатын сомаға шекті мән белгіленеді.

Сонымен қатар заң жобасында қаржылық операциялардың ашықтығын арттыруға, қаржылық мониторинг жүйесін нығайтуға және кірістерді заңсыз жолмен заңдастыруға (ақшаны жылыстатуға) әрі терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар басқа норма да қарастырылған.

Евро деньги ақша
Фото: Александр Павский/Kazinform

Екінші оқылымда депутаттарға Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыруға қатысты түзетулерді қарау ұсынылып отыр. Заң жобасын Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына жолдауы аясында берілген тапсырмаларын орындау үшін Үкімет әзірлеген. Бұл түзетулер құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын әділеттілік пен жауапкершіліктің сәйкестік қағидаттарына сай келтіруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жоғары конституциялық құндылықтары мен негізгі қызмет қағидаттарын тиімді қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар депутаттар «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді қарайды.

Жалпы отырыста Мәжіліс бірқатар жаңа халықаралық құжатты жұмысқа алуды жоспарлап отыр. Олар:

  • Ресей Федерациясымен Қостанайдағы Челябі мемлекеттік университетінің филиалының жұмыс істеуі туралы келісім
  • Түрікменстанмен қылмыспен күресте ынтымақтастық жөніндегі келісім
  • Қатар мемлекетімен қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім
  • 2003 жылғы 25 желтоқсанда жасалған Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама.

Мұнан бөлек, күн тәртібінің жобасында Сенат ұсынған «Аквашаруашылық туралы» заңның жекелеген баптарында жаңа редакцияда енгізілген өзгерістер де қаралады.

Өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында Түрікменстан және Қырғыз елімен арадағы келісімдерді ратификациялауға қатысты заң жобалары қабылданып, бірқатар жаңа халықаралық келісім жұмысқа алынған еді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынас тәуелсіздік алған сәттен бастап достық, ынтымақтастық рухында дамып келеді. 

Әлібек Қуантыров
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- Өткен жылы қазақстандық инвесторлардан Түрікменстанға тікелей инвестицияның жалпы ағыны - 16,1 млн АҚШ доллары. Бұл - 2023 жылмен салыстырғанда 24% жоғары. Ал 2008 жылдан бастап санасақ, біздің Түрікменстанға құйған инвестициямыз көлемі 113 млн АҚШ долларға жетті. Былтыр Түрікменстаннан Қазақстанға 0,4 млн АҚШ доллар көлемінде инвестиция келді. 2008 жылдан бастап есептесек, 24 млн АҚШ доллар инвестиция құйылды. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 1,3%-ға төмендеп, 555 млн АҚШ доллар болды, - дейді ол.

Депутаттар қабылдаған «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» заң бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, шарттың мақсаты - қазақ-қырғыз ынтымақтастығының кешенді дамуына қосымша серпін беру. Құжатта саяси, әскери, сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, су-энергетика, білім беру, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты өзара іс-қимылды кешенді дамыту ескерілген

Ирак түрмесіндегі қазақстандық әйелдерді қайтаруға не кедергі – СІМ жауабы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- Осы құжат ары қарай барлық бағытта жұмыс істеуге, одақтастықты жан-жақты тереңдетуге арналған. Құжат Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңес аясындағы, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды нығайтуға жәрдемдеседі. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында осы шартты ратификациялау - саяси диалогті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды дамыту және екі мемлекеттің орнықты дамуы үшін берік негіз болады. Қырғыз жағы ратификация рәсімдерін аяқтағаны туралы 2024 жылдың 17 желтоқсанында хабарлады. Бұл шарт халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне сай келеді деп баяндаймыз, - деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Мәжіліс екінші оқылымда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады.

Соңғы жаңалықтар