Мәжіліс әскери даярлықпен қамтуды кеңейтуге арналған құжатты қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

2024 жылғы қарашада заң жобасын Парламент Мәжілісі бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты талқылау барысында депутаттардың Еңбек кодексіне және 11 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін түзетулері қаралып, қабылданды. Олар:
- азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің маңыздылығын арттыруға және осы бағыттағы жұмысты жандандыруға;
- білім берудің барлық деңгейлерінде әскери даярлықты жетілдіруге және қамтуды кеңейтуге;
- әскери қызметтің беделін арттыруға және әскери, арнаулы оқу орындарының қызметін кеңейтуге;
- әскери жиындарға шақырудың орнына тұрғылықты жері бойынша өтеулі негізде курстық әскери даярлықтан өтуге мүмкіндік беру арқылы әскери міндеттілерді әскери даярлықпен және қайта даярлаумен қамтуды кеңейтуге;
- әскери есепке алуды автоматтандыруға және азаматтарды әскери қызметке шақыруды жетілдіруге, сондай-ақ әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мен одан босатуды негіздерін оңтайландыруға;
- Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жасақталуын арттыруға бағытталған.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, ұсынылған түзетулер мемлекеттік шығындарды арттырмай, азаматтарды әскери даярлықпен қамтуды кеңейтіп, оның сапасын арттырады. Сонымен қатар, артық бюрократиялық рәсімдерді алып тастау және қызметті проактивті форматта жүзеге асыру, сондай-ақ әскери даярлықтың баламалы тәсілдерін енгізу бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал ететін болады.
- Заңнамаға әскери есепке алуды автоматтандыруға және азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жетілдіруге, сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босату негіздерін оңтайландыруға бағытталған өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, СМС-хабарламалардың мәртебесі айқындалып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді әскери есепке алу деректер базасымен біріктіру тәжірибесі заңмен бекітілді, - деді Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская.
Еске салсақ, былтыр күзде Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев жыл сайын мерзімді әскери қызметке шақырылатын жастардың санын арттыру туралы ұсынысқа жауап берді.