Мәжіліс Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамытуға арналған заңды қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс заңнаманы астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту тұрғысынан жетілдіруді көздейтін заңды қабылдады.

Ерлан Қошанов
Фото: Жаслан Жұмабеков, Әли Ғалым

Құжатқа бірінші оқылымнан кейін енгізілген өзгерістерді Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Болатбек Нажметдинұлы таныстырды.

Айта кету керек. Бұл заң республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреттерін кеңейтуге бағытталған. Оның ішінде тұрғынжай реновациялау бағдарламасын бекіту, аумақтарды абаттандыру, сауда, медициналық, қонақүй және өзге де қызметтер көрсету қағидаларын бекіту мәселелерін қамтитын нормалар бар.

Құжат Астана мен республикалық маңыздағы қалаларда қоғамдық көлікке қолданылатын тариф саясатын әзірлеуді де көздейді.

Бірінші оқылымнан кейін депутаттар көші-қон саласындағы нормаларды одан әрі жетілдіруді ұсынған екен. Нақты айтсақ, «уақытша көшіп келушіні тіркеу» ұғымын енгізу ұсынылып отыр. Депутаттар бұл норма Қазақстан аумағында 30 күннен артық болатын шетелдіктерді тиісті деңгейде бақылауға мүмкіндік береді деп отыр.

Еске салсақ, наурыз айында Мәжіліс Астана, Алматы, Шымкент қалаларының көші-қонын реттейтін заң жобасын мақұлдаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар