Мәжіліс бірқатар халықаралық келісімді қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, депутаттар бірқатар халықаралық келісімді қарайды. 

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Айта кетейік, 6 наурызда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның бюро отырысы өтті. Онда жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Соған сәйкес, депутаттар 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде жасалған Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді қарайды.

Айта кетейік, 2024 жылдың 13 қарашасында Бакуде, СOP29 Дүниежүзілік климат саммитінің аясында Мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімді рәсімдеді.

Сол кезде Мемлекет басшысы бұл айтулы оқиға орнықты дамуға ортақ ұмтылыс тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.

– Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінің үшжақты ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең. Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады. Аталған келісімнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді «жасыл көпір» ретінде дамытуға ықпал етеді. Бұл маңызды саладағы тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді, - деді Президент.

жасыл энергия
Фото: eeas.europa.eu

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін Қазақстан үшін жасыл энергетика маңызды бағыт саналады.

– Біз қазба байлықтарға тәуелділікті азайтуға белсенді түрде кірістік. Технологиялық инновацияларды дамытып, экологиялық орнықты өркендеуге демеу болатын инфрақұрылым құруға бет бұрдық. Қазақстан шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді, - деді Мемлекет басшысы.

Құжат үшжақты іс-әрекеттің тұрақты моделін қалыптастыруға және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Онда ЖЭК әлеуетін тиімді пайдалану, тараптар арасында, сондай-ақ Еуропа мемлекеттерімен және басқа аймақтармен арада экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамыту қарастырылады. Сондай-ақ жасыл электр энергиясын орнықты әрі болжамды экспорттау үшін Орталық Азия мен Әзербайжанның энергожүйелерінің өзара байланысын қамтамасыз ету жоспарланған.

Сонымен қатар Мәжілістің қарауына 2023 жылғы 4 мамырдағы Елдер арасындағы өзара одақтастық іс-әрекет туралы декларацияны дамыту аясында әзірленген Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт енгізіледі. Құжат аясында саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми, технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы әртүрлі және көпқырлы өзара іс-қимылдың нысандары мен тетіктерін жетілдіру көзделеді.

персональные данные
Фото: freepik

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде қол қойылған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісім де енгізіліп отыр. Құжат ратификацияланғаннан кейін тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен өзара алмасуды қамтамасыз етеді. Ақпараттық өзара іс-қимылды және радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасуды жүзеге асыру кезінде тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары:

– радиациялық жағдай мониторингі деректерімен тұрақты түрде алмасуды;

– берілетін ақпараттың дәйектілігін;

– қажет болған жағдайда ақпаратқа бұрын берілген түзетулер мен нақтылауларды жедел енгізуді;

– қандай да бір күтпеген жағдайлар туындағанда ақпаратты (ресми сұрау салуларды) беру мүмкін еместігі туралы өзара ескертудің уақтылығын;

– алынған ақпаратты осы Келісімнің мақсатында ғана пайдалануды қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Қазақстан мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобасы жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Аталған келісімге 2024 жылдың 31 қазанында Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Қатарға іссапары кезінде қол қойылған еді. Келісім құқық қорғау саласындағы Қазақстан-Қатар қатынастарының жаңа кезеңін ашып, қауіпсіздік бағытындағы өзара іс-қимыл мен күш-жігерді үйлестірудің құқықтық негізін қалыптастырады.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар халықаралық құжатты, оның ішінде Дүниежүзілік банк тобы ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Серік Жұманғарин
Фото: ҰЭМ

Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, үниежүзілік банк тобы ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісім келісім күшіне енгеннен кейін бірқатар инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс басталады. 

Олар:

– «Жезқазған-Қарағанды» және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолдарын қайта жаңарту және салу;

– Қазақстандағы теміржол қатынасы мен көлік байланысын трансформациялау жобасын іске асыру;

– Қамбарата ГЭС-1-ді салу және басқа жобалар.

– Ұзақ мерзімді жоспарда келісім аясында Дүниежүзілік банктің жобаларын іске асыру ЖІӨ-нің өсуіне, жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен ШОБ-ты дамытуға, инновацияларды ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға жәрдем көрсетеді. Айта кетерлігі, 2020 жылы Қазақстан Үкіметі мен Азия Даму банкі арасында ұқсас келісім ратификацияланған болатын. Жалпы, келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді, - деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ мәжілісмендер 1993 жылғы 22 қаңтардағы және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Минск және Кишинев конвенцияларына өзгерістер енгізу жөніндегі екі хаттаманы да ратификациялады. Оларды депутаттарға Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды.

Оның айтуынша, бірінші хаттама ТМД мемлекеттері арасында сот актілерін өзара тану тетігін кеңейтеді. 

Алимент
Коллаж: Kazinform

Енді мұндай актілер қатарына кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары тікелей енгізіледі.

– Бұл – маңызды қадам. Себебі сот бұйрығы – жедел құқықтық құрал. Ол ұзақ сот процесін өткізбей шығарылады. Сондай-ақ, баланың құқығын уақытылы қорғауға мүмкіндік береді. Алайда борышкер басқа мемлекетте болған жағдайда, шешім тек қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Осы мәселені Хаттама шешеді, - деді Әділет министрі.

Аталған ратификациядан кейін:

– сот бұйрығы Конвенция аясында тікелей танылады;

– рәсім түсінікті әрі болжамды болады;

– сонымен қатар орындау – нақты қамтамасыз етіледі.

Ал екінші хаттама ТМД кеңістігінде алимент бойынша сот бұйрықтарын тану тетігін енгізеді. 

Құжат борышкердің тиісінше хабардар етілгенін растауды талап етеді. Егер бұйрық тапсырылмаса – оны танудан бас тартылуы мүмкін. Осылайша қорғану құқығы сақталады.

– Біз баланы қорғаймыз. Бірақ қатаң құқықтық аяда әрекет етеміз. Жаңа Конституция жобасы адамды және оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындайды. Бұл қағидат барлық халықаралық тетіктерде бірдей жұмыс істеуі тиіс. Бүгін біз жай ғана құжатты ратификациялап отырған жоқпыз. Біз құқықтарды қорғаудың тұтас, кемшіліксіз және айырмашылықсыз жүйесін қалыптастырып отырмыз, - деді Ерлан Сәрсембаев.

Жалпы отырыс соңында депутаттар өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 14 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау Премьер-министрдің атына жолдаған депутатты сауалында елімізде ядролық медицинаны дамыту және томотерапия саласын сақтап қалу мәселесін көтерді. Ал «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Сауда және интеграция министрінің назарын ішкі сауда нарығын қорғау және дамыту мәселелеріне аудартты. «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаев Таяу Шығыстағы қазақстандық азаматтарды эвакуациялау тәжірибесін ескере отырып, сақтандыру нарығын және туристік саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа түрлерін дамыту жайын қозғады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум