Мәжіліс бірқатар жаңа халықаралық келісімді қарайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар бірқатар жаңа халықаралық келісімді қарауды жоспарлап отыр.
Айта кетерлігі, 15 маусымда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланған болатын. Соған орай депутаттар назарына бірқатар халықаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобалары ұсынылмақ.
Олардың қатарында 2025 жылғы 27 маусымда Минскіде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен оған мүше мемлекеттер және Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім бар. Құжат сауда байланыстарын нығайтуға және қазақстандық тауарларды БАӘ нарығына шығару үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Келісім тауар позицияларының едәуір саны бойынша импорттық кедендік баждарды өзара төмендетуді немесе нөлге жеткізуді көздейді. Шын мәнінде бұл салалық ынтымақтастықты дамыту, шағын және орта бизнестің, электрондық сауданың өзара іс-қимылын жандандыру және тағы басқалары бойынша қосымша ережелермен еркін сауда туралы классикалық толыққанды келісім саналады. Қазіргі уақытта келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ратификациялау рәсімінен өтіп жатыр.
Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаржы қаражатын бөлуді талап етпейді және оның теріс әлеуметтік-экономикалық әрі құқықтық салдары болмайды.
Сонымен қатар, күн тәртібіне 2026 жылғы 20 мамырда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі» даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) ратификациялау туралы заң жобасы енгізіліп отыр.
Мұнан бөлек, депутаттар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі құжаттарды қарайды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы палатаның жалпы отырысында депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады. Бұдан бөлек, Кеден кодексіне енгізілген түзетулер мен экология мәселелері жөніндегі заң қабылданып, Қырғызстанмен арадағы екі елдің дипломатиялық өкілдіктеріне қатысты келісім ратификацияланды.
Үкімет атынан бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, республикалық бюджет шығыстары 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңгені құрады. Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған болса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жіберілді. Ұлттық жобалар аясында 198 мектептің, және 655 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталды. 10 мыңнан астам студент үшін 30 жатақхана пайдалануға берілді.
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономика 6,5 пайызға өсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайызды құраған еді. Өсімге көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары негіз болды. Бұл ретте инфляциялық қысым сақтала отырып, 12,3% деңгейінде қалыптасты. Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде қалыптасса, жұмыссыздық деңгейі жыл бойы тұрақты 4,6% құрады. Мемлекеттік борыш белгіленген деңгейде тұр. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызын немесе 36,4 трлн теңгені құрады, — деді М. Такиев.
Ал Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджет процесін цифрландыру әлі де іске асыру сатысында тұрғанына назар аудартты.
— Тиімсіз пайдаланылған қаражат сомасы 2024 жылғы деңгейден 1,7 есеге асып түсті. Қаражат жоғары деңгейде игерілгенімен, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізіліп жатқан жоқ. Орталық деңгейде бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерінің орта есеппен 5 пайызына, ал өңірлерде 33 пайызына қол жеткізілген жоқ. Жалпы, мемлекет деңгейінде цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, экология және басқа да бағыттар бойынша 11 негізгі ұлттық және 30-дан астам нысаналы индикаторларға қол жеткізілмегені анықталды, — деді Әлихан Смайылов.
Талқыланған мәселені түйіндеген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов есептің ерекшелігін атап, бірқатар мәселеге айрықша тоқталды. Сондай-ақ былтыр даму бюджетінің үлесі 8,1-ден 6,4 пайызға дейін қысқарғанына назар аудартты.
– Әрбір бесінші инвестициялық жоба 2025 жылы аяқталмай қалған. Алайда елдің экономикалық өсіміне берік негіз қалайтын не? Ол, әрине, инфрақұрылымға, өндіріске, инновация мен адами капиталға салынған инвестиция. Ал біз осы бағыттағы даму бюджетінің тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын көріп отырмыз. Бірінші кезекте, ағымдағы мәселелерге емес, елді дамытуға арналған шығыстарға басымдық берілуге тиіс, - деді ол.
Палата отырысында мұнан бөлек «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.
Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутаты Ажар Сағандықованың айтуынша, заң жобасында ішкі көміртек нарығын дамытуға бағытталған түзетулер қарастырылған. Атап айтқанда, тауар биржасы арқылы квоталарды бөлудің аукциондық тетігін енгізу жоспарлануда, бұл нарықтық баға қалыптастыруды және жүйенің ашықтығын арттыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көміртек бірліктеріне сұраныс пен ұсыныс арасындағы ықтимал теңгерімсіздіктерді реттеуге мүмкіндік беретін тұрақтандыру резервін құру көзделеді.
Депутаттар «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды да қабылдады.
— Аталған заң жобасы биыл 3 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, 1-оқылымда мақұлданған болатын. Заң жобасы бойынша жұмыс тобы мен Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырыстары өткізілді. Қарау барысында жұмыс тобына заңдық және редакциялық сипаттағы ұсыныстар түсіп, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланды, — деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Әділ Жұбанов.
Сонымен қатар Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Елшіліктер үшін жер учаскелерін өтеусіз беруді көздейтін келісімді ратификациялады.
Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың дерегінше, Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігіне ауданы 0,75 гектар жер телімі, ал Қазақстан Елшісі резиденциясы үшін 0,17 гектар жер телімі бөлінді. Ал Қырғызстанның Қазақстандағы Елшілігіне ауданы 0,74 гектар жер телімі, Елші резиденциясы үшін 0,125 гектар жер телімі беріледі.
– Осыған байланысты заң жобасы бөлінген ғимараттар мен жер учаскелерін құқықтық реттеуді көздейді. Осы келімімді ратификациялау тараптардың мүдделеріне сай келеді. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы саяси диалог пен өзара сенімді, сонымен қатар өзар іс-қимылды дамыту үшін берік негіз болады, - деді Әлібек Қуантыров.марл