Мәжіліс дактилоскопиялық тіркеуге қатысты құжатқа Сенат енгізген түзетулерімен келісті
Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қатысты Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптармен келісті, деп хабарлайды Kazinform.
«Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Сенаттың аталған Заңға енгізгін толықтырулармен келісуді ұсынады», - деді депутат Константин Авершин.
Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау жасады.
Еске салсақ, жақында Сенат заңнамаға қауіпсіздік және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет туралы өзгеріс енгізетін заңды қарап, Мәжіліске кері қайтарды.
Заңға екінші оқылымда қорытынды жасаған Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Мәжіліс қабылдаған заңға бірнеше бағыт бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет екенін айтты.
Олар:
— адам құқығы мен бостандығын шектеуге қатысты нормаларды Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына сәйкестендіру;
— алдын ала тергеу үлгісінде аяқталған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату, олардың жауапкершілік аймақтарын айқындау, үш буынды модельді ендіруді көздейтін нормаларды қолданысқа енгізу мерзімін ауыстыру;
— мемлекеттік құпиялардан тұратын мәліметтерді беру тәртібін айқындау құзыретін белгілеудегі қайталанатын нормаларды алып тастау;
— Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты ерікті дактилоскопиялық тіркеуді енгізу бөлігінде нормаларды нақтылау;
— Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелеріне сәйкес келтіру.