Мәжіліс депутаты апорт алмасы мен қызғалдақты ұлттық бренд етуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Алматының апорт алмасы мен қызғалдақты ресми түрде отандық мақтаныш, бренд етіп бекітуді ұсынып отыр.
«Отандық тұқым өсірушілерді қолдауымыз керек. Мемлекет тарапынан қолдау көрмей отырған тұқым шаруашылығымен айналысатын фермерлерді қолдау қажет. Мысалы, Қарағанды облысындағы «Астро-Агро» ЖШС, бұл мекеме жылдар бойы картопты ғылыми тұрғыдан зерделеп келеді, бірақ, өкінішке қарай, мемлекет тарапынан қолдау көрмей келе жатыр», - деді Аманжол Әлтаев Мәжіліс қабырғасында өткен жиын барысында.
Осы орайда, халық қалаулысы шетел тәжірибесін үлгі етті.
«Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа мүше болуға қатысты былтыр әріптестерімізбен Нидерландыда болдық. Байқағанымыз, тұқым шаруашылығы саласында бізден біраз озған, оны мойындауымыз керек. Енді біз осы одаққа мүше болу арқылы, солардың тәжірибесіне сүйене отырып, отандық тұқым шаруашылығына жол ашуымыз керек. Тұқым шаруашылығы саласында ұлттық брендке қатысты ұсыныстар бар. Мысалы, Нидерландыдағы қызғалдақтың отаны – Қазақстан. Қызғалдақты өзімізде өсіріп, ұлттық брендке айналдыруға болады. Осы мәселені қолға алсақ. Одан бөлек, Алматының апорт алмасы, қазір бала кезіміздегі апорттан айрылып қалдық», - дейді ол.
Осылайша, Аманжол Әлтаев қызғалдақ пен апорт алмасын ұлттық мақтанышқа айналдыруды ұсынды.
Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде «Тұқым шаруашылығын дамыту. Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа мүше болу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Айта кетейік, сондай-ақ бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» Заңы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.