Мәжіліс депутаты Астана-Қорғалжын-Ұлытау жолын салуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдап, Астана-Қорғалжын-Ұлытау жолын салуды ұсынды.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

- Көлік инфрақұрылымын дамыту – халықтың өмір сүру сапасына және өңірлер экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер ететін Үкіметтің негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі. Үкіметтің «Орталық – Батыс» көлік дәлізін ішкі қашықтықтарды қысқартуға, транзиттік әлеуетті арттыруға және заманауи ұлттық көлік жүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық магистраль ретінде салу туралы ресми жариялағанын білеміз. Сонымен қатар, Ұлытау өңірі ұзақ уақыт бойы көлік қолжетімділігінің шектеулі жағдайында қалып отыр. Бұл оның әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп, халықтың өмір сүру сапасын төмендетеді. Президент 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселелер туралы: «Базалық инфрақұрылымның болмауы өңірлердің дамуын тежейді және халықтың өмір сүру сапасын төмендетеді, бұл әсіресе жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында айқын сезіледі. Осы өңірлерге ерекше қолдау қажет», деп айтқан болатын, - деді депутат.

Оның пайымынша, қолданыстағы Жезқазған – Қарағанды – Астана автокөлік жолы едәуір ұзақ қашықтығымен, әсіресе Жезқазған мен Қарағанды аралығы жолүсті төсеніш қабатының әбден тозуы және транзиттік өткізу мүмкіндігінің шектеулілігімен сипатталады. Бұл жол жүру уақытын ұзартып, көлік-логистикалық шығындарды арттырады.

- Аталған әлеуметтік маңызы зор мәселенің шешімін халық та, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де күтіп отыр. Ұлытау облысының әкімдігі тарапынан Ұлытау – Шұбаркөл – Баршын – Қорғалжын –– Астана бағыты бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленгені туралы ақпарат бар, - деді ол.

Асылбек Нұралиннің атап өтуінше, аталған көлік дәлізін іске асыру Астанадан Ұлытауға дейінгі жол қашықтығын шамамен екі есеге қысқартуға (860 шақырымның орнына шамамен 450 шақырым), көлік және логистикалық шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұсынылып отырған бағыт тек инфрақұрылымдық қана емес, кешенді әлеуметтік-экономикалық маңызға да ие.

Нақтырақ айтқанда, өңір тұрғындары үшін жобаны іске асыру халықтың еркін, әрі ыңғайлы қатынауын қамтамасыз етеді. Жергілікті тауар өндірушілер үшін сауда-саттық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға септігін тигізеді.

- Ұлытау өңірінің тарихи және экологиялық туризм әлеуеті ерекше назар аударуға лайық. Аталған жолдың құрылысы жаңа туристік бағытты қалыптастыруға жағдай жасап, билік органдары, бизнес өкілдері, зерттеушілер мен тарихи-мәдени мұраны насихаттаушылар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтеді. Жобалық есептеулерге сәйкес, жылына 50 мыңнан астам туристтер санын ұлғайту, сондай-ақ жалпы халқы шамамен 30 мыңнан астам адамды құрайтын жол бойына жақын орналасқан 28 елді мекеннің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жоспарланған.

Астана – Қорғалжын – Ұлытау автомобиль жолы дәлізін іске асыру экономиканы әртараптандырудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың, шағын және орта бизнесті қолдап, жаңа жұмыс орындарын құрудың, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудың маңызды құралына айналады. Осыған байланысты аталған бағытты көлік инфрақұрылымын дамытудың Ұлттық жоспарына енгізу мүмкіндігін қарастырып, уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беруіңізді сұраймыз, - деді ол.

Бұған дейін төртінші мұнай өңдеу зауыты Ұлытау облысында салынуы мүмкін екенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум