Мәжіліс депутаты еліміздегі су тасқыны кезінде айыппұл сомасын азайтуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарау кезінде депутат Ерлан Саиров елімізде айыппұл сомасын төмендетуді ұсынды.

штраф
Фото: видеодан алынған кадр

«Айыппұл көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің алдында тұр. Мәселен, теңгеге шақсақ Ресейде айыппұл 3 мың теңгеден басталады, Беларусьте 5 мың теңгеден, ал Қазақстанда 17 мың теңгеден басталады. Бұл қазір профилактика емес, азаматтарға қарсы қаржылық репрессия тәрізді. Қазіргі Қазақстандағы өте күрделі гуманитарлық жағдайда осы айыппұлдар азаматтарды шаршатып жібереті анық. Бүгін Мәжілісте бірінші оқылымда талқыланған заң жобасы аясында осы айыппұлды азайту немесе белгілі бір рақымшылық жасайтын жағдай бар ма?», - деп сұрады Е. Саиров. 

Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қабылданған шараларға қарамастан былтыр жол-көлік апаты біршама өскенін айтты. 

«Ал биылғы бірінші тоқсанда апаттылық 70 пайызға өсті. Яғни қабылданып жатқан шаралар жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік бермей отыр. Екіншіден, бүгінгі заң жобасында айыппұлдар нақты бір жағдайларға қатысты өседі. Атап айтқанда, жол ережесін өрескел бұзғандарға жаза күшейтіледі. Ал көлік жылдамдығын 10 км/сағ шамасында асырғандарға айыппұл өспейді. Жылдамдықты тым жоғары асырғандарға айыппұл көбейеді», - деді И. Лепеха. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Атап айтқанда, көлік құралдарының жылдамдығын рұқсат етілген жылдамдықтан 60 км/сағ және одан жоғары шамада асырғаны үшін 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейтін неғұрлым қатаң жауаптылық енгізу ұсынылған