Мәжіліс депутаты есірткінің QR код арқылы таралып жатқанын айтты

Қазақстанда шетелдік туристерге арналған QR код іске қосылды
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова елімізде есірткіні тарату жолдарына тоқталып өтті.

«Қазір QR код арқылы синтетикалық есірткілердің таралуы көп таралып жатыр. Мысалы, облыс орталығында көше атауы жазылған тақтайшадағы QR кодты басқан кезде, есірткі таралатын мекенжайлар байқалған, тағы бір оқиға кеше ғана әлеуметтік желіде айтылып жатыр, Астана қаласындағы Оқушылар сарайы есігінің ішкі жақтауына QR код ілінген, оны ашып қараса есірткі таратылатын мекенжай көрсетілген. Осы орайда ақпараттық қауіпсіздік мақсатында қандай іс-шаралар қолданасыздар?», - деген сауал қойды Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс отырысында.

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаевтың айтуынша, есірткі сатушылар оны тарату үшін түрлі амалға барып жатыр.

«Бүгінде кибербақылау қызметінің күшімен 1356 сайт жабылды, бұл жұмыс күнделікті бақылауда. Интернет арқылы есірткі сатушылар әртүрлі әдіс-тәсілді қолдануда», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанда әсері күшті препараттардың заңсыз айналымына қылмыстық жаза енгізу мәселесі қаралды.

 

Соңғы жаңалықтар