Мәжіліс депутаты Қытайдан Қазақстанға кіретін көліктерге қосымша төлем белгілеуді сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Болатбек Нажметдинұлы Қазақстанға саяхатпен кірген Қытай көліктеріне қосымша қаржылай төлем белгілеуді сұрады.
— Қазақстан мен Қытай арасындағы автотуризм көлемі артып келеді. Алайда шетелдік автокөліктерге қойылатын талаптарда айқын теңгерімсіздік қалыптасқан. Қазақстанда тіркелген автокөлік Қытай аумағына кірген кезде, уақытша әкелу рәсімінен өтеді, уақытша жүргізуші рұқсатын алады, уақытша тіркеу, арнайы нөмір және сақтандыру рәсімделеді, сондай-ақ құжаттарды аудару және нотариалдық рәсімдерден өтеді. Көлік Қытай аумағында қалып қоймауы үшін кепілдік және бақылау рәсімдері қолданылады. Бұл рәсімдердің барлығы ақылы негізде жүргізіледі, яғни арнайы қызметкерлердің шығынын өтейді Қазіргі мәліметтерге тоқталсақ, бір қазақстандық автокөлікке қатысты барлық рәсімнің құны шамамен 8-9 мың юань. Бұл бүгінгі бағаммен шамамен 560 мың теңге. Бұл ретте Қытай жағы шетелдік көліктерді бақылап қана қоймай, бұл рәсімдерден ресми табыс көзін қалыптастырған, — деді Болатбек Нажметдинұлы Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында.
Атап айтқанда, Қазақстан аумағына кіретін шетелдік, оның ішінде Қытай көліктеріне қатысты рәсімдер айтарлықтай жеңілдетілген. Көп жағдайда тек уақытша әкелу кеден рәсімімен шектеледі және ол тегін.
— Қазіргі мәліметтер бойынша, соңғы бір жыл және биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде Қазақстан аумағына 8 мыңнан астам Қытай автокөлігі кірген. Осыған байланысты тиісті сұрақтар туындайды. Қытайлық мемлекеттік нөмірлерді фото-бейнетіркеу (Сергек) жүйелері толық көлемде анықтай ма? Жол ережесін бұзу жағдайында айыппұлдарды өндіріп алу қалай жүзеге асырылады? Сақтандыру және залалды өндіріп алу тетіктері қаншалықты тиімді? Қазақстан уақытша тіркеу, уақытша нөмір және әкімшілік алымдарды неге енгізбейді? Неге Қазақстан бұл шығындарды іс жүзінде тегін көтеруі тиіс, ал басқа мемлекеттер мұндай рәсімдерден ресми табыс қалыптастырады? Егер Қазақстан да осындай тең тәсілді қолданса, онда тек осы көлемнің өзінен бюджетке және қызмет көрсетуші инфрақұрылымға шамамен 5 млрд теңге көлемінде қосымша түсім қалыптасуы мүмкін еді және шекара мен кеден қызметкерлерінің шығынын өтеуге мүмкіндік пайда болар еді, — деді депутат.
Оның айтуынша, бұл тұрғыда көтеріліп отырған мәселе туризмді шектеу туралы емес, яғни тең құқықтық тәсіл, қауіпсіздік, бақылау және мемлекеттік шығындардың өтелуіне қатысты.
— Осыған байланысты Қазақстан аумағына кіретін шетелдік автокөліктер бойынша мемлекеттік шығындарға талдау жүргізуді сұраймын. Сонымен қатар, уақытша тіркеу, қауіпсіздік мақсатында уақытша нөмір және әкімшілік алымдар енгізу мәселесін қарауды ұсынамын. Мұнымен қоса, Қазақстан азаматтарына Қытай тарапы қолданатын талаптарға сәйкес келетін теңгерімді тәсіл әзірлеуді сұраймын, — деді Болатбек Нажметдинұлы.
Айта кетейік, жақында Бейжің қаласында Халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комитетінің отырысы өтті.