Мәжіліс депутаты «Таза парақтан» реформасын қайта іске қосуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына «Таза парақтан» реформасының ойдағыдай іске аспай жатқаны туралы депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы
Фото: parlam.kz

Сауал авторы елде қабылданып жатқан заңдар кәсіпкерлердің құқығын формалды түрде ғана ескеретінін, ведомствоаралық комиссиялардың Ұлттық экономика министрлігі сияқты мемлекеттік органдардың алдында қауқарсыз екенін айтады.

- Қазақстан кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін күрделі және болжау мүмкін емес заңдары бар ел ретінде қалып отыр. Бұл елдің көрші мемлекеттермен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Сонымен қатар заманауи цифрлық технологиялар мен трансшекаралық мүмкіндіктер отандық бизнестің шетелде тіркеліп, сонда салық төлеуіне қолайлы мүмкіндік береді. Бұған жол бермеуіміз керек, - дейді депутат.

Болатбек Нәжметдинұлы осыларды айта келіп, Премьер-министр Олжас Бектеновтен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза парақтан» реформасының іске асырылу деңгейіне кешенді баға беруді сұрайды.

- Мемлекеттік органдардың заң жобаларын және нормативтік-құқықтық актілерді дайындаған кезде мақұлдату рәсімдерін сақтауына, оның ішінде реттеушілік әсерге талдау жүргізудің дұрыстығы мен сапасына тексеру жүргізу керек. Үкімет жанындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметіне баға берілсін. Салалық министрліктердің үстемдігін болдырмау үшін Парламент депутаттары комиссияның жұмысына міндетті түрде қатысуы керек, - дейді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау көрсеткіштеріне бизнесті реттеудегі тиімділігін қосып, «Таза парақтан» реформасының екінші кезеңін қайта бастауды ұсынды.

Сонда-ақ, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Олжас Нұралдинов депутат ретінде ант берді. 

Соңғы жаңалықтар