Мәжіліс депутаты Түркістандағы «Сауран» клубының параспортшыларымен кездесті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық фракциясының мүшесі Кенжеғұл Сейтжан Түркістан облысында жұмыс сапарымен жүр. Мәжіліс депутаты мүгедектігі бар жандарға арналған «Сауран» спорт клубының жұмысымен танысты. 

Мәжіліс депутаты Түркістандағы «Сауран» клубының параспортшыларымен кездесті
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Депутат «Сауран» спорт клубының ұжымымен кездесіп, ұйымның ішкі жұмысы және жетістіктерімен танысты. Клуб басшысы Абай Қазиев мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулу, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етіп, спорттық шеберліктерін шыңдауға бағытталған іс-шараларға тоқталды. Клубтың негізгі мақсаттарының бірі мүгедек спортшылардың кәсіби шыңдалуына, республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуына жағдай жасау екені айтылды. 

Мәжіліс депутаты Түркістандағы «Сауран» клубының параспортшыларымен кездесті
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Клуб ұжымы мен спортшылар спорт инфрақұрылымын жақсарту, жаңа спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жарыстарға қатысуға қаржылай қолдау көрсету, бапкерлердің біліктілігін арттыру сынды мәселелерді көтерді. 

Сондай-ақ спортшылар мүгедектер спортына қоғам назарын арттырып, қаржыландыруды арттыру қажеттігін айтты. Олар өздерінің жетістіктері арқылы Қазақстанның атын әлемге танытуға дайын екендерін, бірақ бұл үшін тиісті қолдау мен жағдай жасалуы маңызды екеніне тоқталды. 

– Ел үшін мүгедектер спортын дамыту маңызды. Парламент көтерілген мәселелерді шешуге көмектесетін болады. «Сауран» клубының спортшыларының мұң-мұқтажы да Үкімет деңгейіне жеткізілетін болады, - деді депутат.

Мәжіліс депутаты Түркістандағы «Сауран» клубының параспортшыларымен кездесті
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Бұдан соң Кенжеғұл Сейтжан Сайрам ауданы мен Арыс қаласында да болып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Депутаттың жұмыс сапары одан ары жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар