Мәжіліс депутаты Жол қорын құруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің атына сауал жолдаған депутат Олжас Құспеков Жол қорын құруды ұсынды.

Мәжіліс депутаты Жол қорын құруды ұсынды
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Жыл сайын Қазақстан жолдарында адамдар қаза табады. Бұл — жай ғана құрғақ статистика емес, республикалық тас жолдардың жай-күйі мен күтімі азаматтардың қауіпсіздігіне және ел экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер ететінін көрсететін жүйелі белгі. Тек өткен жылдың өзінде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 14 пайызға көп. 51 мыңнан астам адам зардап шегіп, 2,5 мыңға жуық азаматымыз қаза тапты. Бұл ретте ең ауыр апаттар дәл осы қала сыртындағы тас жолдарда орын алып жатыр. Ал ол жердегі инфрақұрылым барынша сапалы әрі болжамды болуы тиіс, — деді депутат.

Оның дерегінше, автожол саласының жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 1,9 трлн теңге деп бағаланса, нақты қаржыландыру шамамен 1 трлн теңгені құрайды. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын жөндеу мен күтіп ұстауға республикалық бюджеттен жыл сайын шамамен 44 млрд теңге бөлінеді. Бұл қазіргі жүктемені және тозу қарқынын жаба алмайды.

— Осыған байланысты Қазақстанға ашық, тұрақты және ұзақ мерзімге жұмыс істейтін Жол қоры қажет. Мұндай тетік республикалық жолдарды салу, күтіп ұстау және жаңғырту үшін тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қорды толықтыру көздері ретінде ақылы жолдар, транзиттік алымдарды, жолдардың ақылы учаскелерін дамыту, жол бойы сервистері және өзге де салықтық емес түсімдер, сондай-ақ көлік құралдарының әйнектерін қараңғылауға ақылы рұқсат беру тетіктерін пайдалануға болар еді, — деді ол.

Осыған орай Олжас Құспеков Үкіметтен мынадай ұсыныстарды қарауды өтінді:

— Қазақстана Республикасының Жол қорын құру мәселесін қарастыру;

— ақы алу құралдары мен салықтық емес түсімдерді қоса алғанда аталған қорды толықтырудың тұрақты көздерін айқындау;

— Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Бұған дейін Атырау–Орал жолы I техникалық санатқа қашан ауыстырылуы мүмкін екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум