Мәжіліс есірткіге қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатты мақұлдады

Снежанна Имашева
Фото: Виктор Федюнин/Казинформ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын Парламент депутаттары есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткіге қарсы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірледі.

«Синтетикалық есірткі аз ғана уақыт ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Кокаин мен героинге қарағанда синтетикалық есірткі арзан екені белгілі. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым, ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Оған қоса, синтетиканың барлық компоненттері заңды және емін-еркін табуға болады. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Елімізде есірткі өндірушілер «синтетиканы» өнеркәсіптік ауқымда жасап жатыр. Оларға тиісті жабдықтар мен химикаттарды, прекурсорларды тасымалдауды пысықай дилерлер тұрақты схемаларға айналдырған. Есірткі өндірісі күннен күнге көбейіп барады. Егер 2019 жылы - 3, 2020 жылы 8 заңсыз есірткі зертханасы жойылса, 2023 жылы 81 жасырын лаборатория анықталды», - деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.

Оның айтуынша, жыл басталғалы 31 жасырын есірткі зертханасы жойылды. 10 тоннадан астам прекурсор алынды. Осылайша, пайдалануға дайын 1 тонна есірткі жасау өндірісінің жолы кесілді, бұл өз кезегінде 3 миллион дозаға тең. Биыл екі тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 457 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.

«Атап айтқанда, есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек. Бұл – неғұрлым тиімді шара. Бірақ, қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленген, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Осы мақсатта Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ оларға қатысты жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылды», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу ұсынылды. Сонымен қатар прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымына да қылмыстық жаза қарастырылған.

«Қаралып отырған заң жобасын қабылдау теріс және өзге де жағымсыз әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарларға әкеп соқпайды. Барлық айтылған ұсыныстар есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына тиімді қарсы іс-қимылды нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар