Мәжіліс Еуропа даму банкіне қатысты құжатты қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуропа Қайта Құру және даму банкін құру туралы келісімнің 1-бабына банк операцияларын географиялық қамтуды Сахараның оңтүстігіне қарай Африка елдеріне және Иракқа шектеулі және біртіндеп таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түзетулерді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

«Еуропа Қайта Құру және даму банкінің құрамында қазір 72 ел мен 2 ұйым бар, сондықтан ол халықаралық қаржы ұйымы саналады. Банктің негізгі қызметі – өтпелі экономикасы бар елдерді қолдауға және дамытуға бағытталған. Аталған банк Сахараның оңтүстігіне қарай орналасқан Африка елдері мен Ирак мемлекетінде банк операцияларын кеңейту туралы бастамасын көтерді. Тиісті түзетулер банктің басқарушылар кеңесінің 2023 жылғы 18 мамырдағы №259 қаулысымен қабылданды. Аталған келісімнің 1-бабына тиісті түзетулердің енгізілуі банкке мүше мемлекеттердің және банк қызметін алушы елдердің экономикалық саладағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге арналған», - деді ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев.
Оның айтуынша, банк операцияларының жаңа елдерге таратылуы қазір банк қызметтері көрсетіліп жатқан елдерді қолдау қабілетін төмендетпейді.
«Осы келісімді ратификациялау еліміз үшін теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеліп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деді министр.
М. Такиев Қазақстан Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің тең құрылтайшысы болғандықтан, еліміздің осы қаржы ұйымындағы үлесі бар екенін атап өтті.
«Еліміз осы банктің акционері саналады. Сондықтан бұл келісімді ратификациялау арқылы біз олардың қызметін ары қарай кеңейтуге мүмкіндік береміз. Біздің үлесіміз 0,23 пайызды құрап отыр», - деп түсіндірді ведомство басшысы.