Мәжіліс Қазақстан мен Түрікменстанның қылмыспен бірлесіп күресу туралы құжатты қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды. 

Мәжіліс Қазақстан мен Түрікменстанның қылмыспен бірлесіп күресу туралы құжатты мақұлдады
Коллаж: Canva

Келісімге былтыр 10 қазанда Мемлекет басшысының Түрікменстанға сапары барысында қол қойылды. Ол қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрады.

— Құжатта ақпараттық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік, террористік және экстремистік қылмыстар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы, сондай-ақ заңсыз көші-қон және адам саудасы саласында екі елдің құзыретті органдарының қарым-қатынасын дамыту ескерілген. Келісім халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келеді, — деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта осындай келісімдер 20 елмен (Болгария, Мажарстан, Иордания, Испания, Италия, Сауд Арабиясы, Қытай, Литва Республикасы, Латвия, Польша, Румыния, Словакия, Сербия, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чех Республикасы, Эстония, БАӘ) жасалып, күшіне енді.

Еске салсақ, жақында ҚР Парламентінің Сенаты Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық әріптестігін нығайтатын келісімді ратификациялады.

Соңғы жаңалықтар