Мәжіліс кедендік реттеу туралы кодекске өзгертулер енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.
— Аталған заң жобасы биыл 3 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, 1-оқылымда мақұлданған болатын. Заң жобасы бойынша жұмыс тобы мен Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырыстары өткізілді. Қарау барысында жұмыс тобына заңдық және редакциялық сипаттағы ұсыныстар түсіп, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланды, — деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Әділ Жұбанов.
Оның айтуынша, Мәжілістің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.
— Осы айтылғандардың негізінде Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдап, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберуді ұсынады, — деді ол.
Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдаған еді.