Мәжіліс қырғыз елімен жасалған келісімді қарап, Сенат қайтарған заңдарды пысықтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар Қырғыз Республикасымен жасалған келісімдерді қарап, бұған дейін Сенат түзетулер енгізіп кері қайтарған бірқатар заңды талқыға салады.
Естеріңізге сала кетсек, 26 желтоқсанда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланған еді.
Соған орай депутаттарға 2006 жылғы 4 шілдеде жасалған Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстан Республикасының меншік құқығын реттеу туралы келісімді, сондай-ақ 2009 жылғы 1 желтоқсанда жасалған Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және осы құжаттарға енгізілетін өзгерістер жөніндегі хаттамаларды қарау ұсынылады.
Тиісті шартқа сәйкес, қазақстандық тарап Қазақстанға тиесілі курорттық-рекреациялық шаруашылықтың төрт объектісі орналасқан жер учаскелерін 49 жыл мерзімге жалға алған. Келісімде аталған объектілерді үш немесе төрт жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін жеткізу міндеттемелері қарастырылған.
Үкімет қазақстандық тараптың міндеттемелерді орындау мерзімдерін ұзартуды, сондай-ақ инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастыратын хаттамалардың жобаларын мақұлдады.
Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар Құрылыс кодексіне, «Банктер және банк қызметі туралы» заңға, сондай-ақ цифрландыру, көлік, кәсіпкерлік, қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық салаларындағы заңдарға Сенат енгізген түзетулерді талқылайды.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Сенат Құрылыс кодексінің және ілеспе құжаттың жекелеген баптарын мақұлдамай жаңа нормалармен толықтыру арқылы Мәжіліске қайтарды.
Сол кезде сенатор Сүйіндік Алдашев Заңнан сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның құзыретінен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстардың бас сәулетшілерін тағайындауды келісу жөніндегі норма, Жер кодексіне сәйкестендіру мақсатында аудандар әкімдіктерінің құзыретінен жер учаскелерін беру құқығы алып тасталғанын айтты.
— Құрылыс объектілері бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін ұйымдастыру мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілері үшін міндетті саналатын «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен сараптауды ұйымдастыруға арналған порталда жүзеге асырылады. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы аумағында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу мен пайдалануды қаржыландыру жөніндегі пайдаланушының міндетін алып тастауды көздейтін өзгеріс енгізіледі. Бұған қоса, мердігердің (бас мердігердің) меншік иесімен тең дәрежеде құрылыс объектісін пайдаланудан кейінгі кезеңге (бұзуға) қатысты шешім қабылдау құқығын көздейтін норма алынып тасталады, өйткені мердігердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай шешімдер қабылдауға заңды негіздері жоқ, — деді ол.
Сенаторлар жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, Мәжіліске қайтарған келесі құжат – «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң.
Құжатты талқылау барысында Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:
- базалық банктік лицензиясы бар банкті әмбебап банктік лицензиясы бар банкке көшіру (қайта ресімдеу) кезінде пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтау жөніндегі талаптарды нақтылау;
- жеке және заңды тұлғалардың төлемдер мен ақша аударымдары бойынша нұсқауларын орындау бөлігінде қор биржалары мен клирингтік ұйымдардың құқықтылығын нақтылау;
- Қазақстан Республикасының бейрезидент-ислам банкі филиалының белгілі бір инвестициялық қызметті жүзеге асыру құқығын белгілеу;
- банктің директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директоры саналатын немесе болуға ниеттенетін адамдарға қойылатын талаптарды нақтылау;
- мемлекеттік қазынашылық және мемлекеттік қазынашылық органдарына банк құпиясы жөніндегі талаптарды тарату;
- мүлікке билік етуге уақытша шектеу қоюға, мәмілелер жасауға және мүлікпен өзге де операциялар жасауға шектеулер қоюға, банк шоттарындағы жеке немесе заңды тұлғаның ақшасына және басқа да мүлкіне тыйым салуға жол берілмейтін қосымша жағдайларды белгілеу;
- деректер сөресін, ол қамтуы тиіс ақпарат тізбесін енгізу мақсаттарын регламенттеу, сондай-ақ дербес деректерді қорғауға және банк құпиясын сақтауға міндетті тұлғалар қатарын кеңейту. Деректер сөресі туралы нормаларды қолданысқа енгізу мерзімін 2026 жылғы 1 маусымнан 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру;
- төлемге қабілетсіз жүйелік маңызы бар банкті реттеуге арналған қаражат көзін нақтылау.
Өткен аптадағы палатаның жалпы отырысында депутаттар Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит» тақырыбындағы есебін тыңдады.
— Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға тоқталсақ, олар өңірлік даму институттары ретінде құрылған. Корпорациялар мемлекет пен бизнес арасындағы байланыстырушы буын, өңірлік деңгейде приоритетті жобаларды іске асыру құралы болады деп болжанды. Алайда іс жүзінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар басқа функциялармен айналысып келеді. Бұған орталық мемлекеттік орган тарапынан жүйелі үйлестіру мен стратегиялық басқарудың болмауы себеп болды, — деді Әлихан Смайылов.
Осы орайда депутат Нұртай Сабильянов Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға инвесторлар тарапынан сенім жоқ екеніне назар аудартты.
— Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың аймақтарда 20 жылға жуық қызметі экономиканың қажетті ауқымда дамуына түбегейлі әсер етпеді. Тек соңғы 5 жылда 13 өңірлік Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға кредит беруге 288,6 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді. Қазіргі уақытта корпорациялардың қызметін реттейтін стратегиялық құжат жоқ. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада жалпы нормалар қамтылған. Мұндай жағдай бақылаудың болмауына, бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді тиімсіз пайдалануға, сондай-ақ қаржылық бұзушылықтарға алып келді, — деді мәжілісмен.
Талқыланған мәселені түйіндеген палата спикері Ерлан Қошанов әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметіне қатысты біраз сын айтылғанын атап өтті.
— Мемлекет басшысы Жолдауында дәл осы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күшке айналуға тиіс екенін айтты. Сонымен қатар Президент ауылдық аймақтарды дамытуда ӘКК-лардың әлеуетін барынша пайдалануды тапсырды. Осы орайда, депутаттар Үкіметпен бірлесіп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің тиімділігін және бизнесті дамытудағы рөлін арттыруға бағытталған заңнамалық реттеу шараларын қарастырғаны жөн болар еді, — деді Мәжіліс төрағасы.
Мұнан бөлек, отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады.
Мәжілісмен Нұргүл Таудың айтуынша, заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар мынадай түзетулер енгізді:
- «Мәдениет туралы» Заңда мемлекеттік қолдау шараларын алуға үміткер креативті индустрия субъектілерінің бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу жөніндегі уәкілетті органның құзыреті толықтырылды;
- «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңда жастарды креативті индустрияға тарту шараларын, оның ішінде жастардың креативті бастамалары мен жобаларын қолдау арқылы қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның құзыреті толықтырылды. Сондай-ақ жастарды креативті индустрия саласына тартуға жәрдемдесу бөлігінде мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары кеңейтілді;
- «Кинематография туралы» Заңда ұлттық фильмдер шығаруға бөлінетін қаражат көлемін айқындау жөніндегі уәкілетті органның құзыреті нақтыланды.