Сенат банк қызметі туралы құжатты Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңы қаралды. Сенаторлар құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. 

Сенат
Фото: senate.parlam.kz

Заңның мақсаты — банк қызметін реттеу мен қадағалауды жетілдіру арқылы банк жүйесінің тұрақтылығын және орнықтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ банк қызметтерін көрсетуге қолайлы жағдайлар жасау мен олардың сапасын арттыру үшін қаржы нарығында адал бәсекелестік пен инновацияларды ынталандыру.

Банк секторында бәсекелестікті ынталандыру мақсатында рұқсат етілген операциялардың көлемі мен реттеуші талаптардың деңгейі бойынша ерекшеленетін лицензиялардың базалық және әмбебап түрлерін енгізу ескерілген. Активтер бойынша белгіленген лимитке қол жеткізген кезде базалық лицензиясы бар банк банктік операциялардың барлық спектрін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әмбебап лицензияға көшуге міндетті болады.

— Исламдық қаржыландыруды дамытуды ынталандыру мақсатында дәстүрлі банктерге қолданыстағы лицензия аясында исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға және исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға қосымша лицензия алуға рұқсат етіледі. Бұл тәсіл банктерге шариғат қағидаттарын сақтауды қамтамасыз ете отырып, жеке заңды тұлға құру қажеттігінсіз исламдық қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ исламдық қызметті банктердің өзге қызметінен ұйымдық және есептік оқшаулау міндетті шарт болады, — делінген Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінде.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, заңда цифрлық қаржы активтері мен цифрлық теңгені құқықтық тұрғыдан реттеу де ескерілген. Мемлекет цифрландыру үдерісінен шет қалмай, ұлттық мүдделерді қорғай отырып, осы саланы заңды, бақыланатын және ашық арнаға бағыттап отыр.

— Жалпы алғанда, қаралып отырған құжат қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге, экономиканың нақты секторын қолдауға, азаматтардың мүддесін қорғауға және мемлекеттің жауапкершілігін теңгерімді түрде жүзеге асыруға бағытталған, — деді депутат.

Атап айтқанда, құжатты талқылау барысында Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады:

— базалық банктік лицензиясы бар банкті әмбебап банктік лицензиясы бар банкке көшіру (қайта ресімдеу) кезінде пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтау жөніндегі талаптарды нақтылау;

— жеке және заңды тұлғалардың төлемдер мен ақша аударымдары бойынша нұсқауларын орындау бөлігінде қор биржалары мен клирингтік ұйымдардың құқықтылығын нақтылау;

— Қазақстан Республикасының бейрезидент-ислам банкі филиалының белгілі бір инвестициялық қызметті жүзеге асыру құқығын белгілеу;

— банктің директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директоры саналатын немесе болуға ниеттенетін адамдарға қойылатын талаптарды нақтылау;

— мемлекеттік қазынашылық және мемлекеттік қазынашылық органдарына банк құпиясы жөніндегі талаптарды тарату;

— мүлікке билік етуге уақытша шектеу қоюға, мәмілелер жасауға және мүлікпен өзге де операциялар жасауға шектеулер қоюға, банк шоттарындағы жеке немесе заңды тұлғаның ақшасына және басқа да мүлкіне тыйым салуға жол берілмейтін қосымша жағдайларды белгілеу;

— деректер сөресін, ол қамтуы тиіс ақпарат тізбесін енгізу мақсаттарын регламенттеу, сондай-ақ дербес деректерді қорғауға және банк құпиясын сақтауға міндетті тұлғалар қатарын кеңейту. Деректер сөресі туралы нормаларды қолданысқа енгізу мерзімін 2026 жылғы 1 маусымнан 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру;

— төлемге қабілетсіз жүйелік маңызы бар банкті реттеуге арналған қаражат көзін нақтылау.

Еске салсақ, биыл 26 қарашада Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңы мен оған ілеспе құжатты қабылдағанын жазған едік

Бұған дейін әмбебап банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығы берілетіні мәлім болды

Соңғы жаңалықтар