Мәжіліс қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс туралы заң жобасын қабылдады
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан аталған заң жобасы бойынша баяндама жасады.
Оның айтуынша, заң жобасы Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» және «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер көзделеді.
«Осы заңның қабылдануы қорғаныс-өнеркәсіп кешені қызметінің тиімділігін және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ықпал етеді», - деді Айгүл Құспан.
Сондай-ақ жаңа заң аясында қару жарақ пен әскери техниканы жедел қалпына келтіру мақсатында заң жобасында қосалқы бөлшектерді сатып алу рәсімін оңайлату және оларды мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы өткізу ұсынылады.
Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар қару-жарақтың, әскери техниканың, техникалық және арнайы құралдардың жаңа үлгілерін жасау және жаңғырту саласындағы ғылыми зерттеулер бөлігінде түзетулер енгізді.