Мәжіліс Құрылыс кодексін қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің Құрылыс кодексі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы екінші оқылымда қабылданды.
— Құрылыс кодексінің жобасы құрылыс саласында туындаған жүйелік проблемаларды шешуге бағытталған және адамның тыныс-тіршілігі үшін қолайлы, қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуді, құрылыс саласының барлық субъектісінің құзыреті мен жауапкершілігін арттыруды, сәулет шешімдері мен қала құрылысы құжаттамасын талқылауға жұртшылықтың қатысуын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде жіберілген бұзушылықтарға уақтылы ден қоюды, сейсмикалық аймақтарда жобалау және құрылыс салу ерекшеліктерін енгізуді көздейді, — деді құжаттар бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Мұрат Әбенов.
Оның айтуынша, бірыңғай қала құрылысы саясатын іске асыру жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру үшін қала құрылысы кеңестері құрылады. Қала құрылысын жоспарлау кезінде мәслихаттардың рөлі күшейтіледі. Елді мекеннің бас жоспарын, Республика аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу мерзімі жылға дейін бекітіледі. Сейсмикалық қауіпті аумақтарда құрылысқа қойылатын талаптар қатаңдатылады. Сейсмикалық микроаймақтандыру карталары, қауіпті учаскелердің сел және көшкін карталары міндетті есепке алынады.
Сондай-ақ бір субъектінің «толық аяқталған» құрылысын іске асыру үшін «техникалық тапсырыс беруші» институты енгізіледі. Тиісті инженерлік іздестірулерді орындамай жобалық құжаттаманы дайындауға және объектілердің құрылысын салуға тыйым салынады. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы процестер цифрландырылады. Құрылыс объектілерін жоспарлы түрде инспекциялау енгізіледі. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысады. Объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде өртке қарсы бақылау енгізіледі.
— Құрылыс объектілерінің кепілдік мерзімі көтеруші конструкцияларға, шатырға, қасбеттерге және сыртқы қабырғаға он жылға дейін, құрылыс объектісіне бес жылға дейін ұзартылады. Сондай-ақ депутаттардың бастамасымен елорданың аумақтық, көліктік және қала құрылысы жоспарлауын интеграциялау бойынша түзетулер қабылданды. Бұл көше өткізу қабілеті мен жол қозғалысы қауіпсіздігін ескере отырып, көліктік жоспарлауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, ілеспе заң жобасы аясында депутаттар әлеуметтік объектілерді, сондай-ақ тұрғын үй қорын жаңарту үшін авариялық және тозығы жеткен құрылыс объектілерін қайта жаңарту жөнінде түзетулер енгізді, — деді Мұрат Әбенов.
Айта кетейік, Мәжіліс жедел жәрдем қызметкерлерін қорғауға арналған құжатты да мақұлдады.