Мәжіліс Құрылыс кодексіне Сенат енгізген түзетулермен келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс Құрылыс кодексі мен оған ілеспе құжатқа Сенат енгізген түзетулерді мақұлдады.
— Өздеріңізге белгілі, бұл заң 2 жылға жуық Парламентте қаралды. Өте өзекті заңнама. Биылғы жылды айтар болсақ, ең маңызды заң деп айтуға болады. Себебі, бүкіл қоғамға қатысы бар. Бұл заң жан-жақты талқыланды. Әртүрлі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, қауымдастықтармен, бизнес өкілдерімен ақылдастық. 2 200-ден астам ұсыныс берілді. Негізінен 60-70 пайызы өзгертілді. Ең басты мақсат бұл заң азаматтардың құқығын қорғау керек. Қауіпсіздік мәселесі, қаланың ыңғайлы болуы көзделді, — деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы да осы бағытта тапсырмалар бергенін еске салды.

— Сол себепті депутаттар көп жағдайда қоғаммен ақылдасып, бірінші кезекте сапаға мән берді. Нормалардың бәрін жібердік. Сенат қарады, жан-жақты талқыладық. Біраз мәселені ақылдастық. Сенат негізгі заң бойынша 27, ілеспе заң бойынша 2 ұсыныс берді. Негізінен бұл ұсыныстардың бірі нақтылау және жақсарту деп қараймыз, — деді ол.
Айта кетейік, өткен аптадағы Сенат отырысында депутаттар Құрылыс кодексінің және ілеспе құжаттың жекелеген баптарын мақұлдамай жаңа нормалармен толықтыру арқылы Мәжіліске қайтарды. Сол кезде сенатор Сүйіндік Алдашев Заңнан сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның құзыретінен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстардың бас сәулетшілерін тағайындауды келісу жөніндегі норма, Жер кодексіне сәйкестендіру мақсатында аудандар әкімдіктерінің құзыретінен жер учаскелерін беру құқығы алып тасталғанын айтты.
— Құрылыс объектілері бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін ұйымдастыру мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілері үшін міндетті болып табылатын «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен сараптауды ұйымдастыруға арналған порталда жүзеге асырылады. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы аумағында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу мен пайдалануды қаржыландыру жөніндегі пайдаланушының міндетін алып тастауды көздейтін өзгеріс енгізіледі. Бұған қоса, мердігердің (бас мердігердің) меншік иесімен тең дәрежеде құрылыс объектісін пайдаланудан кейінгі кезеңге (бұзуға) қатысты шешім қабылдау құқығын көздейтін норма алынып тасталады, өйткені мердігердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай шешімдер қабылдауға заңды негіздері жоқ, — деді ол.