Мәжіліс металл сынықтары мен қалдықтарының айналымын реттейтін заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс машина жасауды дамытуға арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс металл сынықтары мен қалдықтарының айналымын реттейтін заң жобасын мақұлдады
Фото: Freepik

— Заң жобасы машина жасау және жалпы өнеркәсіпті дамыту саласындағы келесі мәселелерді қамтиды, — деді құжатты таныстырған депутат Айтуар Қошмамбетов.

Құжатта арнайы экономикалық аймақтың қатысу талаптарына қайталанатын өндірістер мен сұранысы жоқ өнім өндірісін болдырмайтын норма енгізу көзделген. АЭА әлеуетті қатысушылары үшін критерийлер енгізуге бағытталған.

— «Аумақтық кластер» ұғымын «өнеркәсіптік кластер» ұғымымен ауыстырып, географиялық шоғырлану критерийін алып тастау ұсынылады. Бұл жаңашылдық өндірістері елдің әртүрлі өңірлерінде орналасқан машина жасау кәсіпорындарына өнеркәсіптік кластерлерге бірігуге және өз өндірісінде ел ішіндегі құндылықты дамытуға мүмкіндік береді, — дейді депутат.

Айтуар Қошмамбетов заң жобасына ел ішіндегі құндылықты дамыту және өндірісті жергіліктендіру деңгейін тереңдету жөніндегі қарсы міндеттемелер енгізілгенін айтты.

— Бұл норма отандық тауар өндірушілерді қолдауға және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ынталандыруға бағытталған. Түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті реттейтін және осындай қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың міндеттерінің тізбесін айқындайтын норма көзделген, — деді ол.

Айта кету керек, Қазақстанда металл сынықтары мен қалдықтарын әкетуге тыйым енгізілген.