Мәжіліс резервтегі әскери қызметке қатысты заңды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

— Резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу әскерге жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты туындаған. Заңнамалық актілерге енгізу үшін әзірленген түзетулер әскери бөлімдерді дайындалған кадрлармен толықтыруға және жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштер құруға мүмкіндік береді. Әскери қызметтің бұл түрін енгізу бейбіт уақытта Қарулы Күштердің санын көбейтпей, қойылған міндеттерді орындауға дайын азаматтардың белгілі бір мөлшерін дайындауға мүмкіндік береді, — деді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.
Заң жобасын қарау барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары 100-ге жуық түзету енгізді, оның ішінде 6 кодекс пен 14 заң қамтылды.
— Құжаттың негізгі новеллалары: әскери қызметтің жаңа түрін енгізу — «резервтегі әскери қызмет» және әскери қызметшінің жаңа санаты — «резервте әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметші», басқа сөзбен айтқанда, «резервтегі әскери адам» ретінде саналады. Депутаттар резервтегі әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптарды, олардың әскери қызмет өткеру тәртібін, олардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларды пысықтады. Осы нормаларды ретке келтіру, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң мәтінінің жазылу қисыны мақсатында, депутаттар әскерге шақыру бойынша және келісімшарт бойынша әскери қызметке ұқсас резервтегі әскери қызметті өткеру ерекшеліктерін көздейтін нормаларды жеке тарау ретінде жүйелендірді, — деді Е. Бапи.
Депутаттар осы заң жобасын қарау шеңберінде енгізген түзетулердің келесі блогы — ол әскери резервшілердің еңбек қатынастары мен әлеуметтік қамсыздандырылуына қатысты түзетулер. Атап айтқанда, түрлі ақшалай төлемдерге (әскери қызмет өткеру кезінде алған жарақаттары үшін өтемақы төлемдері, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және т. б.), заттай және азық-түлікпен қамтамасыз етуге, әскери резервистке медициналық қызмет көрсетуге, жұмыс істейтін әскери резервистің еңбек қатынастарына қатысты нормалар ұсынылды. Сонымен қатар, әскери резервшілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуына аударымдар мен жарналарды реттейтін нормалар енгізді.
— Мұнымен қоса, депутаттар әскери құқық бұзушылық субъектісі ретінде резервтегі әскери адамның қылмыстық жауаптылығына қатысты түзетулерді пысықтады. Одан басқа, Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның қызметін реттейтін заңнамаға осы күш құрылымдарының резервінде әскери қызмет өткеруге мүмкіндік беретін толықтырулар бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылдың 16 қыркүйектегі № 353 Жарлығын іске асыру мақсатында, жекелеген мемлекеттік органдардың кейбір қызметін қайтадан құру үшін, заң жобасының атауы өзгергені туралы атап өткен жөн. Енді заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және орталық мемлекеттік органдардың кейбір қызметін қайтадан бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады, — деді депутат.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар заңды қабылдап, оны Парламент Сенатының қарауына жолдады.
Еске салсақ, жақында әскери бөлімдердегі бейнебақылау камераларын бақылап, сараптайтын жаңа қызмет түрі енгізілді.