Қазақстан әскерінде жаңа қызмет пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM – Әскери бөлімдердегі бейнебақылау камераларын бақылап, сараптайтын жаңа қызмет түрі енгізілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің өкілі, полковник Тілеухан Басқожаев мәлім етті.

- Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде бейнебақылау камераларын орнатумен шектелмей, қазір кезекші бөлімдерде қосымша лауазым енгізілді. Олар бейнебақылау камераларын сараптап, қарап отырады, яғни жағдайды бақылап, баяндайды, - деді Тілеухан Басқожаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әскери бөлімдердің 60-70 пайызында оператор лауазымы бар.
Бұған дейін хабарлағанымыздай әскердегі тәртіп бұзушылықтың 70-80% бейнебақылау камерасының көмегімен анықталады.
Айта кетейік, отандық әскерде өлім-жітім тоқтамай тұр, бір апта бұрын Сарыөзекте (Жетісу облысы) қатардағы жауынгер оқу-жаттығу кезінде мерт болды.
Сонымен қатар брифинг барысында әскерде сарбаздардан ақша жинау мәселесі көтерілді.