Мәжіліс Салық заңнамасына Сенат енгізген өзгерістерге келісті
Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қатысты Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптармен келісті, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін Сенат депутаттары Салық кодексіне түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарған болатын.
Сенат ұсынған өзгертулер мынандай:
- мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды өткізуден түсетін құнның сыйақысымен және өсімімен байланысты кірістерге қатысты салық салынатын кірістің азаюын болдырмау жөніндегі нормаларды 2030 жылғы 1 қаңтарға дейін кейінге қалдыру;
- Ұлттық банк шығарған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша екінші деңгейдегі банктер алған кірістерге қатысты салық салынатын кірістің азаюын болдырмау жөніндегі нормаларды 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізу;
- Салық кодексінің 3-бабы 2-тармағының тоқтатыла тұрған уақытша нормасының қолданылу мерзімін 2023 жылғы 1 желтоқсаннан 2024 жылғы 1 наурызға өзгерту.
Мәжіліс аталған өзгерістерге келісіп, Парламент заңды қабылдады.