Мәжіліс Сингапурмен арадағы инвестицияларға қатысты заңды қабылдады

Парламент
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Заң 2023 жылғы 22 мамырда Астанада жасалған келісімді ратификациялауға бағытталған.

«Сингапур көрсетілетін қызметтерде дамудың озық тәжірибесіне ие, бұған оның экономикалық көрсеткіштері мен инновациялық жетістіктері дәлел бола алады. Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,8 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде қазақстандық экспорт 94 пайызға жетті. Келісім аясында қазақстандық бизнес үшін Сингапурдың көрсетілетін қызметтер нарығына қатысуын кеңейтіп, жақсарттық. Одан бөлек, Келісім инвестицияларды жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды ескеріп отыр, сондай-ақ халықаралық практикаға сәйкес инвесторларды қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді», - деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Оның айтуынша, Қазақстанға Сингапурдың салған тікелей инвестицияларының көлемі кейінгі 10 жылда 1,7 млрд АҚШ долларын құраған. 2023 жылы Сингапурдан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 457 млн АҚШ долларына жетті.

«Жалпы, көрсетілетін кызметтер саласы әлемдік экономиканың аса ірі және перспективалы секторы саналады. Әлемдік жалпы ішкі өнімдегі көрсетілетін қызметтер үлесі дамыған елдерде шамамен 75% және дамушы елдерде 50 пайызды құрайды. Қазақстанның жалпы ішкі өнім құрылымында көрсетілетін қызметтердің үлесі 50 пайыздан асады. Осыған байланысты қызметтер саласын ілгерілету және дамыту үшін жағдай жасау мақсатында көрсетілетін қызметтер мен инвестициялар туралы келісімдер қолданылады. Сингапур – қызметтер саудасы мен инновациялар саласында елеулі тәжірибесі бар серіктес. Мұндай серіктеспен жасалған келісім – үлкен жетістік. Бұл құжат тәжірибе алмасуда, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуда айтарлықтай серпін беріп, табысты болады деп санаймыз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар