Мәжіліс Су кодексін қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Су кодексінің жобасы мен іліспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді. Бұл құжатта халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай экожүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды басқару есебінен экономиканы тұрақты дамытуға жол ашатын заңды тетіктер қамтылды.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуынша, жаңа Су кодексінің жобасын қарау кезінде депутаттар бірқатар түзету енгізді. Оның арасында су шаруашылығы құрылыстарын жалға немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын реттеу бойынша іс-шаралар талқыланды.
Аталған құжатта су қорғау аймақтары мен белдеулерiнiң мөлшерiн, сондай-ақ оларды белгiлеу тәртiбiн нақтылауға, олардың аумақтарында шаруашылық қызметке шектеулер режимiн енгiзуге қатысты түзету бар.
Сонымен қатар, депутаттар енгізген түзетулердің арасында арнайы су пайдалану шарттарын бұзған су пайдаланушыларға қатысты жедел ден қою шараларын қолдана отырып, мемлекеттік бақылауды күшейту және қадағалауды енгізу пысықталды.
Кодексте су ресурстарын үнемдеу әрі сақтау және ауыз суды техникалық қажеттіліктерге пайдалануды болдырмау мақсатында техникалық сумен жабдықтау жүйелерін құру тетектері нақтыланды.
Іліспе заң қолданыстағы заңнаманы жаңа Су кодексінің нормаларына сәйкестендіру және су ресурстарын қорғау мен пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленді. Заң жобасында Азаматтық, Жер, Кәсіпкерлік және Экология кодекстеріне, сондай-ақ қоғамдық қатынастардың әртүрлі аспектілерін реттейтін тоғыз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген.
Жер кодексіне елді мекендер жерінің құрамындағы су объектілері алып жатқан жерді пайдалану режимін су заңнамасына сәйкес реттеу бөлігінде түзету ұсынылды.
Сонымен қатар, Экология кодексі су қорғау аймақтарында қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптарды регламенттейтін нормалармен толықтырылды.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Су кодексінің жобасын 2024 жылғы 27 қарашада бірінші оқылымда мақұлдады.