Мәжіліс трансшекаралық өзендерді халықаралық құқық негізінде пайдалануға қатысты заңды қабылдады

Трансшекаралық өзендер
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Бұл Конвенцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1997 жылғы 21 мамырда қабылдап, 2014 жылғы 17 тамыздан бастап күшіне енді. Қазіргі кезде Конвенцияға 37 мемлекет қосылған.

«Қазақстанмен көршілес елдердің ішінде тек Өзбекстан Республикасы Конвенцияға мүше (2007 жылдан бастап) ретінде тіркелді. Конвенция халықаралық су құқығының негізгі прогрессивті қағидаттарын, сектораралық ынтымақтастықты, халықаралық су ағындарының су және экологиялық аспектілерін және Тұрақты Даму Мақсаттарының нысаналы индикаторларын ескеретін жаһандық халықаралық негізгі құжат саналады. Құжат трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын бүкіл әлемде тең құқықты әрі тұрақты басқаруға ықпал ететін жаһандық құқықтық механизм ретінде қабылданған. Конвенцияға қосылу Қазақстанның трансшекаралық өзендерді халықаралық құқық қағидаттары негізінде пайдалану және қорғау мәселесі бойынша көрші елдермен өзара іс-қимылдағы ұстанымын нығайтады», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Оның пайымынша, Қазақстан үшiн трансшекаралық суларды пайдалану жөнiндегi күрделi мәселелердi шешу барысында танылған халықаралық тәжiрибе мен бiлiмге сүйену өте маңызды.

Бұл трансшекаралық суды пайдаланудың неғұрлым өткір мемлекетаралық мәселелерді шешу үшін ортақ құқықтық алаң құруға мүмкіндік береді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы Конвенциясының негізгі баптарына тоқталып өтпекпін. 5 бап – Су ағыны мемлекеттері өздерінің тиісті аумақтары шегінде халықаралық су ағынын әділ және ақылға қонымды пайдаланады. Атап айтқанда, су ағыны мемлекеттері халықаралық су ағынын оны оңтайлы әрі орнықты пайдалануға қол жеткізу және осыған байланысты пайда алу мақсатында, тиісті су ағыны мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, су ағынын тиісінше қорғаған кезде пайдаланады әрі игереді. Халықаралық су ағынын пайдалану түрлері арасында қайшылық болған жағдайда, бұл мәселе 5-7-баптарды ескере отырып шешілуге тиіс, яғни халықаралық су ағындарындағы судың тиісті сапасы сақталуы және қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, бұл құжат мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, тиісті қорытындылар, сондай-ақ ғылыми лингвистикалық және ғылыми құқықтық сараптамалар қорытындылары алынды.

Соңғы жаңалықтар