Мәжіліс Түркі мемлекеттері ұйымына қатысты құжатты талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің қарауына «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында жеңілдетілген кеден дәлізі құрылады
Фото: Kazinform

- Аталған хаттамаға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары 2022 жылғы 11 қарашада Самарқанда өткен саммитте қол қойды. Хаттама 2009 жылы жасалған «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне» өзгерістер енгізеді. Ол Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына айналдыруды бекітеді. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат Айгүл Құспан Мәжілістің жалпы отырысында. 

Еске сала кетейік, 2010 жылы қыркүйекте Парламент Мәжілісі «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Бұған дейін хабарланғандай, 10-11 қарашада Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті.

Жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан басшылары қатысты. Мажарстан мен Түрікменстан өкілдері саммитке бақылаушы ретінде келді.

Түркі кеңесі 2009 жылы құрылған. Бастапқыда оның құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия кірді. Өзбекстан одаққа 2019 жылы қосылды. 2021 жылдың қарашасында кеңес Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгерді.

2022 жылы Өзбекстандағы саммит барысында бірнеше құжатқа қол қойылды.

 

Соңғы жаңалықтар