Мәжіліс Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің жалпы отырысында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы мақұлданды.

Мәжіліс
Фото: Жаслан Жұмабеков, Әли Ғалым

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық Экономика министрі Нұрлан Байбазаров заң жобасын әзірлеген кезде Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан сияқты елдердің тәжірибесі негізге алынғанын айтты.

Заң жобасы арқылы Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген.

Оның ішінде қала мәслихатына қаланың дизайн кодын белгілеп, қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту құзыреті берілмек. Қалада жұмыс істейтін ұлттық қолөнер шеберлерінің шығынын ішінара бюджеттен өтеу қағидаларын белгілеу де жергілікті мәслихатқа жүктелмек.

Ал қала әкімдігіне кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын белгілеу құзыреті берілмек.

Нұрлан Байбазаров осы заңды іске асыру үшін өзге заңдарды осы нормативтік құжаттың талаптарымен сәйкестендіру қажеттігін айтты. Ілеспе заң Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге арналады.

Осыған дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 100 метр радиуста биік ғимарат салуға заңмен тыйым салынатыны туралы хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар