Мәжіліс үлескерлік құрылысты реттейтін заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары үлескерлік құрылысты реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс
Фото: Жаслан Жұмабеков, Әли Ғалым

Заң жобасын таныстырған депутат Самат Мұсабаевтың айтуынша, заңнамаға ұсынылып отырған жаңашылдықтар үлескерлік құрылысқа тәртіп орнатуға арналған.

- Заң жобасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін шараларды ынталандыруға бағытталған. Жұмыс тобы барысында депутаттар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы Заңның қолдану аясын кеңейту үшін бірқатар түзетуге бастамашылық жасады, - деді ол.

Атап айтсақ, үлескерлердің құқығын қорғау үшін алдын ала шарт жасауға, инвестиция мен брондауға, алдын ала келісімшарттар жасасуға тыйым салу тетіктері нақтыланбақ.

Салынып жатқан үйді әкімдіктің рұқсатынсыз немесе Біріңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға, екінші деңгейлі банктерден ипотека рәсімдеуге тыйым салынады.

Ал үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнама таратқаны үшін 2000 айлықтық есептік көрсеткішке дейін (7,9 млн.тг. дейін) айыппұл салу көзделген.

Осыған дейін Үкімет басшысының ұұрылыс талаптарының бұзылуына қатысты шағымдар көбейіп бара жатқанын айтқаны туралы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар