Мәжіліс ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заңды қабылдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда қаралып, талқылаудан кейін қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.

Заң жобасының мақсаты - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру.
Құжатты талқылау барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының және жергілікті атқарушы органдардың экстремизмнің алдын алуды үйлестіру әрі ұйымдастыру жөніндегі құзыретін кеңейту ұсынылады.
Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөнінде шаралар қабылдау үшін, сондай-ақ төтенше немесе әскери жағдай енгізілген кезде мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларына мекемелердің мүлкін құқық қорғау әрі арнаулы мемлекеттік органдарға, ҚР Қарулы Күштеріне және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға беру жөніндегі өкілеттіктер беру ескерілгені.
Бұдан бөлек, мемлекеттік құпияларды қорғау шараларын күшейту мақсатында депутаттар мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызметте жоқ адамдар үшін мемлекеттік құпияларға рұқсат берудің бірыңғай талаптарын белгілейтін нормаларды енгізді.
Сонымен қатар, депутаттар құқықтық олқылықтарды жоюға және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде органдар қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталған нормаларды әзірледі. Атап айтқанда, түзетулер арқылы атақтар беру, аттестаттаудан өту және жоғары оқу орындарында оқу тәртібі жетілдіріледі.
Мемлекет басшысының тиісті тапсырмаларын іске асыру мақсатында депутаттар қызметкерлерді ұлттық қауіпсіздік органдарынан босатудың неғұрлым икемді шарттарын ұсынды. Айталық, жиырма бес жылдан астам еңбек сіңірген қызметкерлерді өз қалауы бойынша жұмыстан босату құқығы қарастырылған.